Өнер

«Қатынқамал»: Сахнадағы тәуекел мен ізденіс

«Қатынқамал» жаңа қойылым – бүгінгі қазақ сахнасындағы ізденіс пен тәуекелдің тоғысқан тұсында туған, формалық тұрғыдан да, мазмұн жағынан да талқыға лайық перформанс. Бірден айтайық, бұл Райымбек театрының жаңа ізденісін байқатты.

Қойылым жаугершілік заманда ел қорғауға аттанған ер азаматтардың орнында қалған аналар мен қыз-келіншектердің жан әлеміндегі үрей мен үміттің, қорқыныш пен қайсарлықтың арпалысын сахна тілімен «сөйлетуге» ұмтылған. Жау қаупі төнген шақта туған жердің тұтастығын сақтап қалу үшін үңгірді қамалға айналдырған қазақ әйелдерінің тағдыры – сыртқы жауға қарсы күресі – ішкі қорқынышты жеңудің символы ретінде ұсынылады. Осы тұрғыдан алғанда, қойылымның идеялық өзегі анық, пафосы сенімді екені даусыз.

Соңғы жылдары қазақ театр кеңістігінде перформанс, хэппенинг, сайт-специфик сияқты заманауи формалардың бой көрсетуі – заңды құбылыс. «Жаңа театр» деп аталып жүрген қалалық музыкалық-драма театры да бұл бағытта өз қойылымдарында түрлі тәжірибелерге барып жүр. Жас режиссер Нұржан Ізтаевтың (ассистенті Г.Айтбаева) «Қатынқамал» драмасын (авторлары Б.Сердәлі, Н.Мараим) дәл осы перформанс жанрында сахналауы – батыл шешім. Себебі бұл форма дәстүрлі драмалық құрылымнан бөлек, көрерменді тікелей әсер мен символдар кеңістігіне жетелейді.

Қойылымның сценографиялық және хореографиялық шешімдері (хореограф Д.Кахарбеков) – оның басты жетістіктерінің бірі. Актрисалардың қарапайым таяқ арқылы кереге, уық, шаңырақ бейнесін жасап, киіз басу, күбі пісіп, келі түю, диірмен тарту сияқты тұрмыстық әрекеттерді ым-ишаратпен беруі – ұлттық кодты заманауи пластикамен ұштастырудың сәтті үлгісі. Әр актрисаның қолындағы бір ғана таяқтың кейіп ауыстырып, бірде тұрмыс құралына, бірде қаруға айналуы – символдық ойлаудың дәл табылған көрінісі.

Перформансқа тән фобиялық әсер де қойылымда айқын сезіледі. Жоңғар қонтайшысының (актер Ш.Амантұров) көрермен арасындағы ағаш өткелде жыланмен арбасуы, жанында отырған көрерменге фобия туғызып, тікелей интерактивке түсуі, сахнадағы күшіктің мазасыз қозғалысы – бәрі бірігіп, үрей мен қорқыныш атмосферасын тудырды. Қабырғаға түскен бейнелік көлеңкелер – қасқырлар көші мен жоңғарлар шапқыншылығы, аспандағы жымыңдаған жұлдыздар, қос актрисаның сол өткелде тұрып қасқыр болып ұлуы, актрисалардың пластикалық трансформациясы – көрерменді оқиға ішіне «тартып», психологиялық қысым қалыптастырды. Музыкалық жанды сүйемелдеу де (жетіген, домбыра, қобыз үні) ұлттық бояуды күшейтіп, сахналық әрекеттің эмоциялық қуатын арттырды («Тарлан» ВИА). Жаудан пана іздеп, тауға – үңгірге қарай тырмысып өрмелеген әйелдердің жауын астында қалып, арты қарға ұласқан шиеленісті сәті де сахнада шынайы өрілді. Ал, сол тұста ойда-жоқта төбедегі лампалардың біріне су тиіп, от шашып азғана уақытқа тұтануы қойылымның айнымас бір бөлігіне айналғандай әсер берді. Абдырап қалған көрермен де, ойынды тоқтатқысы келмеген әртістер де бұған аса мән берген жоқ. Қайта сценарийдің бір бөлшегіндей қабыл алды. Спектакль соңындағы жалғыз өскін — көк шыбықтың үңгір басына қадалуы келер күннен үміт күткен бейбіт өмірдің символикасындай әсер етті.

Дегенмен, қойылымның әлсіз тұстары да болмай қалған жоқ. Перформанс табиғаты талап ететін символдық көпқабаттылық кей сәттерде шамадан тыс жүктемеге айналып, актерлердің сөйлеу арқылы жеткізуі тиіс диалогтарын «тұсап» тастады. Кейбір көріністердің тым ұзаққа созылуы динамиканы бәсеңдетіп, көрермен назарын шаршатты. Сахнадағы әлсіз шам түкпірдегі интерактив элементтерінің кейбірін драматургиялық тұрғыдан көрерменге анық көрсете алмады. Кей эпизодтар әсер қуалаған тәсіл ретінде ғана қабылданды. Төбеден ілінген микрофондардың болмауы да дауыстарды анық естіртпей жатты.

Қалай десек те, «Қатынқамал» – Райымбек театрының жаңа ізденіс жолындағы батыл қадамы. Ең бастысы – қойылым көрерменді бейжай қалдырмады, қазақ әйелдерінің жауынгерлік рухын сезінуге мәжбүрледі. Ал театр үшін бұдан асқан мақсат жоқ.

Бекжігіт Сердәлі.

Back to top button