Көненің көркем көзі

Сән өнеріндегі жолы ән салғанды сүйіп, музыкалық аспапта ойнайтын әкесіне еліктеген бала кезден басталды. Жалпы, 6-7 жасынан бастап қолына қарындаш алып, түрлі оюларды сызуға машықтанды. Сөйтіп, қазақтың ою-өрнегіне қызығушылығы оянып, осыдан 40 жыл бұрын, 1984 жылы Қытайда қазақы киім тігуге кірісті. Қай кезде қандай жұмыс істесе де, қайда барса да, чемоданының ішінде қағазы мен карындашы жүрді. Қолы қалт еткенде түрлі оюларды сызуға отыра кететін…
Ұлттық оюды – қатардағы сәндік үлгі ғана емес, түйсік-тұжырым, тұтас идея, толық композиция, тігіс тілі ретінде қарастыруға тырысты. 1996 жылы көздің жауын алатын ұлттық нақыштағы көйлектер, тойға жасаулар, түрлі шараларға киетін камзол, шапандар тігіп, үлкен көрмеге қатысты.
Түптеп келгенде, басты бағыт-бағдар, мұрат-мүддесі – ұлттық ою-өрнекті жаңа сән-салтанатпен ұштастырып, тек мәдени мұра ғана емес, нақты кәсіпке айналдыра отырып, ұлттық қолөнерді заманауи өріс пен өркениетке бейімдеу болды.
Шығыс елінде шағын шеберхана мен жалға киім беретін дүкен ашты. 1997 жылы атамекенге қоныстанып, «Әз-Сән» тігін шеберханасын құрды. Өз елінде кәсібі өрге домалап, ұлттық нақыштағы плащ, жилет, шапандар, абайкалар трендімен жиырмаға жуық тігіншілер ұстады. Жеке дүкен есігін ашты. Қазір киімдерін Kaspi мен Instagram арқылы қосымша сатады.
Қырық жылдай қазақтың ою-өрнегін жүйелі түрде зерттеп, жүздеген авторлық үлгі мен топтама жасаған «ETNO STILE» ЖШС-нің бас директоры, этнодизайнер, «Hazifa_Brand» негізін қалаушысы, Еуразия Дизайнерлер Одағының «Құрметті дизайнері», Ұлттық бренд «Дәстүр» сыйлығының иегері, «Асыл қазына» телебәйгесінің әрі «Наурыз ұлттық сыйлығының» жеңімпазы Қазипа Қалиқызы Мұхаметқали – ұлттық сән индустриясында өзіне тән төл қолтаңбасы бар құбылыс.
Бабаларымыздың асыл аманаты, тұтас бір үндестіктің пайымы мен тілі – қазақтың үлттық киімдерін АҚШ, Германия, Түркия, Испания т.с.с. секілді әлемнің 30 еліне жөнелткен талантты шебердің еншісінде (қоржынында) әртүрлі тәсілмен композициялап, киімге, матаға, тұрмыстық, интерьерлік бұйымдарға енгізетін: қайталанбайтын 1000-ға жуық ою-өрнектер; көйлек тігуде органза мен сетка материалдарын ұлттық нақышпен үйлестіріп қолдануды алғаш енгізген бірегейлік; жоғары сапалы, кестеленген үй бұйымдарының ұлттық нақыштағы толық және үлкен топтамасы; 100-ден астам үй бұйымынан тұратын жеке коллекция; 70-тен астам киім үлгісі, 50-ден аса мата дизайндары; авторлық композициядағы жаңа маталар шығару:ою-өрнектерді жіппен және маржандармен кестелеу, принттеу, матаға бастыру, таңбалау әдістерін ойлап тауып, кеңінен қолдану; қазақы нақыштағы заманауи бомбер мен жилет үлгілері; әйелдерге «Айдай», «Айжұлдыз», «Назар», «Айсұлу», «Құралай», «Баян» шапан топтамалары; ерлерге «Достық», «Айбат», «Ақжол», «Еркін» «Батыр» сериялары бар.
Мемлекет басшысы елімізде Наурыз мейрамы ерекше жағдайда тойлау керектігін айтып, Наурызнама тұжырымдамасы бекітілді. Сөйтіп, Наурызнама – ұлттық киімдерге сұраныстың нақты қайнар көзіне айналды. Наурызнамаға сәйкес 18 наурыз – Ұлттық киім күні болды. Наурызнама сауда көркін қыздырды. Халықтың ұлттық киімге деген қызығушылығы артты. Қазақтың ою-өрнектерімен көмкерілген ұлттық құндылықтарымыз заман ағымына сай түрленіп, өзгеше сипат алып, заманауи стильге бағытталып, көпшілік арасында кеңінен дәріптелуге бет бұрды.
Жұрт ұлт киімдерін Наурызда ғана емес, жыл он екі ай той-томалаққа, үлкен жиындарға, қадірлі қонақтар мен үлкен кісілерге киюге ыңғайлы, сәнді шапандар сатып алып, күнделікті киіп жүре бастады. Ұлттық киім – күнделікті тұрмыста, қызметте, сыртта киіп жүре беруге қолайлы, ыңғайлы әрі көрік беріп тұр.
Қазір ұлттық киім – күнделікті стильдің бір бөлігіне айналды. Жұма күндері ұлттық киім кию – жаңа салт-дәстүр. Бұл – ұлттық сана өсуінің анық белгісі, халық өзінің ежелгі тамыры мен болмыс-өнеріне жақындай түсті. Бүгін Абайдың қара сөздеріне, ақынның суреті салынған жейделер мен сөмкелерге, жапырақ-өсімдік тектес, аң-құс тектес, астрономиялық және т.б. ою-өрнектердің түрлеріне қызығушылық жоғары. Ою-өрнектердің көлемі көйлектің пішіміне қарай үйлесімділікпен салынуы қажет. Жилетті көбінесе бағасын жоймайтын барқыт маталардан тігеді.
Ұлттық ою-өрнектерді киім-кешектерде, ыдыс-аяқтарда қолданудың өзіндік тарихы мен реті бар. Айталық, қошқар мүйіз – байлықты, құс қанаты – бейбітшілікті білдіреді. Осы заңдылықтарды Қытайдың Шанхай қаласындағы университетінде киімді кесіп-пішу технологиясы бойынша және Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетіне білім алып, «Киімді үш өлшеммен кесіп-пішудің оңай әдісі» деген теориялық кітап жазған, «Қазақстанға «не аламын» емес, «не беремін» деген мақсатпен келдім» деген қазақтың қаршадай қызы Қазипа Қалиқызы Мұхаметқали тігін өндірісін қолөнермен байланыстыра дамытып, төрт түлік малмен бірге жасыл жайлауда табиғат аясында өмір сүрген қазақ халқының ою-өрнектері аң-құстардың бейнесімен сәйкестендіріп, бұрын-соңды болмаған, аналогы жоқ мегажоба жасады. Қолөнер – өте күрделі ою-өрнегі, геометриялық байланысы, матамен үйлесімі, өрнектің тігілу өнері, жіппен, матаның түстердің өзара қабысуы қажет сала.
«Қазақтың кез—келген әрбір ою—өрнегінің мәні мен мағынасы, композициялық ой-түйіні бар. Ою-өрнек – ұлттың генетикалық коды. Біз бүгін ұлттық оюдың «әліппесін» зерттеп, қазақтың ұлттық киімін заманауи стильге икемдеп, отандық сән трендіне айналдырдық. Ал, ұлттық нақыштағы үй бұйымдары «Hazifa_Brand» дегеніміз – ұлттық нақышпен өрілген, қазақтың байырғы кесте өнерімен астасқан жоғары сапалы үй бұйымдары, яғни, перделер, дастаранхандар, көрпешелер, жастықтар т.б.
Мен кез келген дүниемнің ерекше әрі сәнді болғанын қалаймын, әрбірінің композициясы, пропорциясы, сызықтарының үйлесімі заңмен қорғалған. Әр үлгімізге авторлық куәлік алып, құқық жағынан қорғап отырамыз. Елімізге тек гранттар мен көрмелер емес, жүйелі инфрақұрылым қажет. Жеңіл өнеркәсіпті жандандырып, мата шығаратын зауыттарды заманауи техникамен жабдықтауға тиіспіз. Ұлттық киім өндірушілерге салық жеңілдігі немесе «Қазақстанда жасалған» бренді – әлемдік нарыққа шығарудың тетігі. Ұлттық бренд – елдің имиджі ғана емес, саланың стратегиялық инвестициясы. Ұлттық ою-бітімнен – байрақты заманауи брендке дейін жетілген қазақтың ұлттық киімінің әдемілігі мен сапасы көздің жауын алып, әлемде көш бастайтын уақыт алыс емес», – дейді ілкімді ісмер Қазипа Мұхаметқали.
Көштің басында тұрған көненің нағыз көркем көзі осындай.
Е.Қалдарханқызы,
Астана қаласы.
