Әдебиет

А. Қыраубаеваның «авторлық мектебі» – ұлттық мектеп моделі

Мақала педагог, филология ғылымдарының докторы А. Қыраубаеваның педагогикалық көзқарастары, педагогикалық еңбектерінің мәні мен маңызы, тәуелсіз Қазақстандағы білім беру ісіне қатысты тың идеялар туралы ой қозғайды. Филология ғылымдарының докторы А. Қыраубаева Алматыдағы әл-Фараби атындағы ұлттық университетте көп жылдар қызмет етсе, өмірінің соңғы кезеңінде Астанадағы Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде ұстаздық еткен.

Педагогикалық қызметі оның ғылыми-зерттеу бағытында еңбекқорлығымен, оқыту ісінде әдіскерлік шеберлігі және ғылыми-тәжірибелік бағытта реформаторлық идеяларын жүзеге асыруымен айқындалады. Сонымен бірге ол – «Сенім» Тұжырымдамасын жасап, Алматы облысы, Қарасай (бұрынғы Қаскелең) ауданындағы Жандосов ауылында 1993-1996 жж аралығында тәжірибелік сынамадан (апробация) өткізген, қазақ педагогикасындағы тұңғыш авторлық ұлттық мектеп технологиясының авторы.

Ұлттық мектеп – А. Қыраубаеваның ғылыми-әдістемелік мұраларымен үйлесетін тәжірибе алаңы. Бұның айғағы – ғалым өзінің докторлық жұмысын жазумен қатар, мектеп ісін де жүргізуі. Ғалым білім беру ісін бала кезден бастау керек екені, тіпті зерттеушілік қабілеттер де бала кезден қалыптасатыны туралы және осы пікірлерінің ұлттық педагогика негіздері екенін айтып өтті. Ұлттық мектеп құру ісінде А. Қыраубаева өзі зерттеген дала данышпандары, қазақ ойшылдары, педагогика саласында із қалдырған тарихи тұлғалар еңбектерін жан-жақты зерттеп-зерделеп, ұлттық құндылықтарға негізделген заманауи үлгідегі мектеп моделін жасады. Бұл мектеп тәуелсіздіктің бастапқы жылдарында құрылғанымен, оның ішкі мазмұны, педагогикалық қағидаттары мен ұстанымдары отыз жылға озық тұрды. А. Қыраубаеваның мектеп тәжірибесіндегі бастамалары білім беру ісінде де, қазіргі мектептер тәжірибесімен ізденісінде де енді ғана жүзеге асырылуда.

Алма Қыраубаева идеясы білім беру мен ағарту ісіне қатысты Ахмет Байтұрсынов, Ж.Аймауытов, М.Жұмабаевтар көзқарасымен, алаш идеясымен үндеседі. Ол – жиырмасыншы ғасыр аяғында жаңа дәуірдегі ұлттық мектеп моделін жасап, білім берудегі ұлттық құндылықтарды айқындап, жаңа бағыт қалыптастыру негізін қалаған реформатор.

Мақала ЖОО-да, мектептердегі білім беру ісінде жаңашылдығымен тың серпіліс тудырған новатор А. Қыраубаеваның іс-тәжірибесін, педагогикалық көзқарастарын таныстыру мақсатында берілген.

 

 

Кіріспе

Еліміздегі білім беру саласындағы жаңару үрдісі еліміздің тарихындағы,  білім мен тәрбие беру ісіндегі ізденісті сан қырынан, объективті тұрғыдан зерделеуді қажет етуде. Осы бағытта еңбек еткен тұлғалардың еңбегін дұрыс бағалауға, олардың идеялары мен жаңашылдықтары, рухани құндылықтарын айқындап, қазіргі білім беру, ағарту саласында кеңінен пайдалануға ұсыну үшін қолайлы жағдайлар туғызып отыр. Бүгінгі таңда педагогтер қауымы шетелдік білім беру техникасы, технологиясын жетік меңгеріп, өз тәжірибесінде қолдануда. Әрине, көңіл қуанарлық жайт, алайда қазақы таным, ұлттық рух мәселесін қолға алу да күн тәртібінен түспек емес. Әл-Фарабидің білім мен тәрбиені астастыру туралы ұлағатты ойы жадымызда тұрғанда, бүгінгі ұрпақ тәрбиесі мен білім алуын тың тұрғыдан қарастыруымыз қажет. «Техника тілімен» тәрбиеленіп, түрлі гаджеттермен «туыстық қатынаста» өсіп келе жатқан ұрпақ тәрбиесінде ұлттық педагогика мен халқымыздың ғасырлар бойы жинақталып, қалыптасқан ұлттық дәстүрі мен мәдениетінің де орын алуы керек екенін жоққа шығара алмаймыз. Десек те, қоғамда орын алатын жағдаяттар мен оқиғалар, әлеуметтік-экономикалық кедергілер осы мәселенің өз шешімін таппай отырғанын көрсетеді.

Педагогтермен осы бағытта ой қозғасақ, қызу талқылаудан өткен соң, мәселе сол қозғалған күйде қалып қояды. Оның себебі де анық: педагог сан бұйрық, жылдар бойы шегеленген тәртіп пен «осылай орындалу керек» деген қалыпқа түсірілген жүйеде қалып қойған. Бұндай шектеулі талап, шегерілген шығармашылық білім беру ісін ілгерілетпесі анық. Міне, осы тұрғыдан біз А.Қыраубаеваның педагогикалық көзқарастары мен әдістемелік мұраларын зерттеп, мәні мен маңызын зерделеуіміз қажет. Ол – қазақстандық педагогика тәжірибесі мен халқымыздың мәдени, әдеби мұрасын оқытуда, қоғамның даму кезеңдеріндегі педагогикалық озық идеялармен танысуға, қолданысқа ұсынуға зор мүмкіндік көзі. Осындай ұлттық құндылықтарға негізделген барлық құнды, қажетті еңбектерді жүйелі түрде зерттеп, пайдалану – бүгінгі уақыт талабы.

А.Қыраубаева – жас тәуелсіз мемлекеттің білім беру саласына тың реформа жасап, эксперимент негізінде шынайы өзгерістер енгізген ғалым. Ол пәнді мектепте оқыту және оқу мәселесін тәжірибе жүзінде, кешенді бағытта (мектеп–ЖОО) ұйымдастырып, сәтті экспериментті жүзеге асырды. Бұл эксперимент тәуелсіздік алған кезеңдегі қазақ педагогикасына зор үлес қосты:

1) Сынама тәжірибеден өтіп, Тұжырымдамасы айқындалған, заманауи ұлттық мектеп моделін жасады;

2) Пәндерді оқыту әдістемесіне байланысты педагогикалық-психологиялық аспектілер тұрғысынан тың идеялар енгізді.

Ғалым-педагогтің педагогика саласындағы ғылыми-зерттеу мәселелері, білімді игеру процесіндегі инновациялық технология, тәрбие технологиясы, мектеп пен ЖОО сабақтастығы мәселелері – педагогикалық еңбегінің негізі болып табылатын әдістемелік мұра. Оның педагогикалық еңбектерінің ішкі механизмі – ұлттық идея, адамгершілік асыл қасиеттерді дамыту, ұлттық таным мен дәстүр, заман талабына сай өзгерістерге бейімделген ұлт мәдениеті.  Алма Қыраубаеваның педагогикалық көзқарастары мен «Сенім» тұжырымдамасының мәні мен маңызын мақаламызда тереңірек талдап өтеміз.

Зерттеу материалдары мен әдістері.

Ғалым Алма Қыраубаева білім беру үдерісі және білім беру проблемалары аясында психологиялық қолдау көрсете отырып, білімді, білікті, сенімді тұлға тәрбиелеу проблемасын көтерді. Ол ЖОО-дағы ғылыми және практикалық мәселелерді зерттеумен қатар, эксперимент жүргізе отырып білім алу процесіне, бала тәрбиесіне және мектептер мен жоғары оқу орындарындағы оқыту әдістеріне қатысты педагогикалық еңбектерін жинақтап қалдырды. Бұл еңбектер – Алма Қыраубаеваның педагогикалық мұраларының маңыздылығымен бірге, шәкірттердің интеллектуалдық және рухани дамуына елеулі үлес қосқан ұлы педагог екенінің айқын дәлелі.

Ғалымның оқу құралдары, публицистикалық материалдарымен бірге ұлттық мектеп тәжірибесі бойынша жазылған жұмыстары зерделеніп-зерттелуі талдау, жинақтау, тарихи әдістерін таңдауымызға ықпал етті. Талдау әдісі А. Қыраубаеваның өмір жолы мен еңбек жолын талдап, талқылауға мүмкіндік берсе, жинақтау әдісі еңбектерінің тұтас жүйесін танып-білуге жағдай тудырды. Тарихи әдіс ғалым еңбектерінің қоғамдағы өзгерістермен, оқиғалармен себеп-салдарлық байланыстарын анықтауға көмектесті.

Әдебиеттерге шолу.

Профессор, Жамбыл атындағы халықаралық сыйлықтың иегері, дарынды ғалым Алма Қыраубаева – қазақ әдебиеттану ғылымының аса көрнекті қайраткерлерінің бірі Бейсембай Кенжебаевтың шәкірті. Алма Мүтәліпқызы Қыраубаева 1947 жылы Қызылорда облысы, Сырдария ауданының Бірқазан бекетінде дүниеге келген. Әкесі Мүтәліп – танымал айтыс ақыны, жыршы, балуан. 1965 жылы С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университеті филология факультетінің қазақ тілі мен әдебиеті бөліміне түсіп, 1970-1973 жылдары осы университеттің аспирантурасында білімін жалғастырады.

1974-2000 жылдар аралығында ассистент, аға оқытушы, доцент, профессор қызметтерін атқарды. 2000 жылдан өмірінің соңына дейін Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде профессор болды.

1974 жылы «Қисас-и Рабғузи», «Махаббат-наманың» идеялық-көркемдік ерекшеліктері» тақырыбында кандидаттық, 1997 жылы «Шығыстық қисса-дастандардан» докторлық диссертациялар қорғайды.

2008-2012 жылдары «Өнер» баспасынан «Ғасырлар мұрасы», «Ежелгі әде­биет», «Шығыстық қисса-дастандар», «Жаным садаға», «Мыңжылдық жолаушы» атты кітаптардан тұратын бес томдық шығармалар жинағы жарық көрді.

А.Қыраубаеваның ғылыми ізденістері негізінен көне түркілік әдеби мұраларды ежелгі дәуірдің әдебиетін зерттеуге арналған. «Қиссас-ул-әнбия», «Махаббат-наманы» қазақша сөйлетіп, ғылыми-зерттеу арнасын кеңейтті.

Ғалымның «Ғасырлар мұрасы» атты зерттеу кітабы ХІІ-ХІV ғасырлардағы қазақ әдебиетінің тарихи мәселелеріне арналған. Кітаптың «Уақыт бедері» аталған алғашқы тарауында Әл-Фараби, Ибн Сина, Әл-Бируни, Әл-Хорезми секілді ғалымдар шыққан түркі халықтарының мәдениеті мен әдебиеті гүлдене дамыған кезеңіне назар аударады. «Аударма-нәзира әдебиет. Рабғузи қиссалары» аталған екінші тарауда араб-парсы әдебиетіне еліктеуден пайда болған нәзира дәстүріне кеңінен тоқталған. Бұл ретте Әлидің, Құтыбтың, Сайф Сараидың, Рабғузидың шығармаларын талдаған. «Тыңтума әдебиетте» атты үшінші тарауда автор «Махаббат-нама» дастанының жазылу, зерттелу тарихын шола отырып, жырдың көркемдік сыр-сипатын ашады. Соңғы «Ежелгі әдебиет дәстүрі» тарауында көне түркілік әдеби дәстүрлердің ХХ ғасырдың басындағы қазақ әдебиетінде жалғасын тапқандығы М.Көпеев, Ә.Тәңірбергенов, Ж.Шайхисламұлы т. б. поэзиясын талдап өткен.

Ғалым қазақ әдебиетінің ескі замандардағы түп-тамырынан бастап, ХХ ғасырдың басындағы шығыстық, діни бағыттағы дәуірді қамтып, Алып Ер Тұңға, Томирис, Зарина, Ширақ батыр, Мөде хан, Білге қаған, Күлтегін, Тоныкөк туралы қазақ ғалымдары арасынан алғашқылардың бірі болып қалам тартты. Ол қазақ әдебиетінің ескі кезеңін «Заманымыздан бұрынғы жазу-сызулар», «Түркі қағанаты дәуіріндегі әдебиет», «Оғыз дәуіріндегі әдебиет», «Ислам дәуіріндегі әдебиет», «Қарахан әдебиеті», «Алтын орда дәуіріндегі әдебиет» деп дәуірлеп бөлген. «Авестаны» қазақ мифологиясындағы қайнар көзі ретінде қарастырып, Тұранда, яғни түркілер елінде жазылған туынды деп баға берген. Оғыз дәуіріндегі әдебиетке Қорқыт, Оғыз қаған жайлы аңыз-жырларды да жатқызады. Ал «Шығыстық қисса-дастандар» монографиясы қазақ әдебиетінің бұрындары зерттелінбей келген тұтас бір саласының проблемасын көтерді. Нәзира үлгісімен жазылған қазақ қисса-дастандарын

тақырыптық, сюжеттік жағынан түрлерге топтастырып, олардың көркемдік, идеялық бағыттарын айқындаған ғалым осы әдеби мұралардың оқытылу әдістемесіне ден қойып, зерттеу ісіне кіріседі.

А.Қыраубаева екі мақсатты айқындап, оқу-тәрбие қағидаттарының негізі етіп алған:

  • Кеңес дәуірінде кенже қалған, зерттелмей жатқан әдеби құндылықтарды ғылыми тұрғыдан игеру;
  • Әдеби мұраны білім мен тәрбие құралына айналдырып, ұлтжанды ұрпақ тәрбиелеу.

Оның ғылыми ізденістері қазақ елінің ғылымын дамытумен бірге осы игілікті тұтынатын ұлттық тәрбие мәселелерімен тығыз байланысты болды. Ел тәуелсіздігін алған алғашқы жылдарда жарық көрген «Жаным садаға» еңбегінде былай деп жазды: «Саяси тәуелсіздігімізді алғанмен, рухани тәуелсіздікке жету оңай емес. Оған қазақ баласы жаппай қазақ мектебінде оқитын күнге жеткенде ғана үміт артуымызға болады. Осы ұлы мақсат үшін күрес бүгін де, ертең де тоқталмауы тиіс» [1].

Ғалымның «Сенім» тұжырымдамасы «жаңа мазмұндағы ұлттық мектеп бағдарламасы, тәуелсіздік кезеңіндегі жаңа буын оқулықтарын жазу бағдары болды» деп атап көрсетті А. Қыраубаеваның бағдарламасы негізінде «Қазақ тілі» оқу-әдістемелік кешендерінің авторы А. Қасымбек[2].

Ғалым Ф.Оразбаева А. Қыраубаеваның «ұлттық тәрбие мен мектеп жарғысын түзген педагог-ұстаз, адамзаттық танымды меңгерудің амал-тәсілдерін іздеген әдіскер-ғалым, бала тәрбиесінде ұлттық сана мен ұлттық тәрбиеге ден қойған тәлімгер-мұғалім, қазақтың терме-жырларын, жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың әуендері мен әндерін жинаған, орындаған әнші-өнерпаз» деп педагогтік болмысын сан қырын ашып, педагогикалық көзқарастарының өзектілігіне тоқталған [3].

Алма Қыраубаева еңбектерінің тарихи сипатына үңілсек, оның кеңестік дәуірдің кереғар құндылықтарынан құтқару, яғни күрескерлік сипаты басым. Педагог өз еңбектерінде оны айқын көрсеткен: «Жатқа еліктеу – өзін-өзі қор санау. Бұл – ұлттық сана жетілмеген елде болатын көрініс. Өзінің ұлттық құндылықтарының болашағы жоқ деген түсініктің қалып­тасуы – адамның жан дүниесін аздыратын қатердің бірі. Оның жастар арасында, бала сенімінде ұялауына жол беріп қоюға болмайды… Жастар арасында Тәттімбеттің кім екенін білмей, Майкл Джексонға құлдық ұру, Қорқыттың философиясын ұқпай жатып, Фрейдке таңғалу, тасқа жазылған ата сөзін оқымай тұрып, Куликово шайқасын білгішсіну ауруы бар…

…Қай тіл жетекші болса, баланың жаны сол тілде сөйлейді…

…Ұлттық мектебіміздің философиясы дәстүрлі түркілік өркениет пен қазақ әлемі негізінде жасалып, әлемдік өркениетпен сұхбат қарым-қатынасында болуы қажет.

…Өз ана тілінің сырын меңгеріп үлгермеген балаға өзге тілді қосақтауға болмайды. Орыс тілінің өзін 1-сыныптан қосарлау кеңестік жүйенің айла-шарғысы болатын» [4].

 

А. Қыраубаеваның филология, педагогика саласындағы зерттеу еңбектері – философия, тарих заңдылықтары аясында қарастырылуымен қатар, оқытудың интеграция, инновация және функционалдық сауаттылық мәселелерінің өзекті тұстарын шынайы әрекеттері үлгісінде көрсете білген ғылыми-теориялық жұмыстар. А. Қыраубаеваның ғылыми-әдістемелік мұраларының педагогикалық еңбектерімен тұтастығын, оның маңызы мен мәнін Т.Кәкішев, Ф. Оразбаева, Ж. Дәдебаев т.б. ғалымдар өте жоғары бағалады [3,4].

А. Қыраубаеваның педагогикалық көзқарастары алаш ардагерлерінің көзқарастарымен астасып жатыр. XIX ғасырдың аяғы мен XX ғасырдың 20-30-жылдары өмір сүріп, ағартушылық қызмет атқарған Ахмет Байтұрсынов, Мағжан Жұмабаев, Міржақып Дулатов, Жүсіпбек Аймауытов және т.б. озық ойлы тұлғалардың ұлттық идеялары мен оны жүзеге асыру проблемасы жөніндегі ой-толғаныс, еңбектері негіз болған «Сенім» Тұжырымдамасы, ұлттық үлгідегі мектеп ашу идеясы қазақ халқының рухани мұрасының мәнін насихаттау, ұлттық құндылықтардың маңыздылығын, ұттық негізде мемлекеттілік мәселесі тұратынын ұрпақ жадына сіңіру міндеттерін жүзеге асыруымен құнды [5].

Талдау мен нәтижелер.

Соңғы отыз жылдықта жаһандану, педагогика мен психология саласындағы өзгерістерге қатысты ұлттық таным, ұлттық психология мен ұлттық педагогика мәселелері туралы пікірлер, ізденістер мен зерттеулер өзекті мәселе ретінде қарастырылуда. Бастау көздерге оралу, ұлттық код пен ұлттық сана, болмыс туралы ой қозғау «өз тарихын, философиясын білмейінше және оған белгілі бір көзқараста болмайынша, ешқандай мәдениеттің дамуы мүмкін емес» деген Л.Н. Гумилевтің пікірімен дәйектелуі де заңды. Ал Алма Мүтәліпқызы оны терең түсінгені өзі ашқан мектептің «Гуманитарлық Қазақ мәдениеті мектеп-лицейі» атауынан айқын аңғарылады.

Ғалым педагогика ғылымының қалыптасуындағы тарихи-педагогикалық таным әдіснамасы мен тарихи-педагогикалық ілім, ұстаным негіздерін бірлікте ұстаған. Ұлттық ұлағаттың ұрпақ тәрбиелеудегі ғасырлық тәжірибесін, педагогикалық ілімін пайдалану арқылы тұлғаның қалыптасуы, дамуы және әлемде «Қазақы құбылыс» ретінде танылуын мақсат етті [6].

Алаш зиялыларының педагогикалық көзқарастары қоғам дамуына серпін берген XX басындағы ағартушылық идеялар болса, А. Қыраубаеваның жаңашылдық идеялары мен педагогикалық қызметі XX ғасырдың аяғындағы, ел егемендігі мен тәуелсіздік алған кезеңіне тура келді. Жаһандану алдында тұрған дәуірдің тарихи құбылысын әдіснамалық тұрғыда зерттеген педагог өз идеялары мен оны жүзеге асыру бағыттарын межелеп алды. Ол:

  • Ғылыми зерттеулердің тұлға дамуына ықпал ететін педагогикалық аспектілерін анықтау және тәжірибеде қолдану;
  • Заманауи педагогика дамуындағы ұлттық мәдениет, таным мен тәрбие негіздерін сараптау, әдіснамалық, теориялық және тәжірибелік тұрғыдан зерттеу.

 

Алма Мүтәліпқызы уақыт, әлеуметтік орта, қоғамдағы өзгерістер мен  тұлға биігіне апаратын сыртқы және ішкі факторларды ой елегінен өткізді. Бұл болашақ тұлғаның ой-өрісін, көзқарасын, өмірлік бағдарын анықтайтын іскерлікті ұштайтын тәжірибе алаңын ашуды жеделдетті. Ғалымның пайымдауынша, «мектептегі басты мәселе – оқулықтың мазмұнында». А.Қыраубаева ұлттық ұлттық мектептің моделін жасаумен бірге,  «Тілашар», «Елтану», «Әлемтану», «Әдеп» бағдарламаларын жасап, «Ежелгі әдебиет» оқулығын жазып шықты.

«Қазақстан мектебі» журналының 1996 жылғы сәуірдегі санында жарияланған Алма Қыраубаеваның «Сенім» бағдарламасы – ұлттық тәлім-тәрбиенің тұтас бір концепциясы, инновациялық тұрғыдан «авторлық мектеп» технологиясы, Гуманитарлық қазақ мәдениеті мектеп‑лицейінің тәжірибелік сынама нәтижесі негізіндегі заңды, тұжырымдық құжаты [7].

[6]. Баспасөз бетінде жарияланған құжат қоғамда қызығушылық туғызды. Алайды оның реформалық сипаты зерттелмеді, тәжірибенің ұтымды тұстарын талдауға, ұлттық мектеп үлгісін қарастыруға, тәжірибеге енгізуге көңіл бөлінбеді. Оның өзіндік себептері бар еді. Ең алдымен, бұл – ел тәуелсіздігінің алғашқы жылдары, экономикалық қиындықтар қыспағындағы кез. Екіншіден, Кеңес дәуірінен қалыптасқан білім беру жүйесіне басымдық беру, ал үшіншіден, білім саласындағы ізденісті, ұлттық мектеп ерекшелігін зерделеп, оның қажеттілігі мен маңызын жан‑жақты қарастыруға, өзгеріске бейімделу туралы даярлық та кем тұс еді.

А. Қыраубаеваның ұлттық үлгідегі мектеп моделі әлемдік деңгейдегі авторлық мектеп технологиясымен (ағыл. authorial school; нем. аutorenschule, f) талаптарымен үйлеседі. Бұл термин туралы педагогикалық энциклопедиялық сөздікте (Бим-Бад Б.М. ) инновациялық білім беру ізденістері тәжірибесі мен эксперименттік білім беру мекемесі ретінде жүзеге асырылатын ерекше сипатты құрылым екендігіне түсінік берілген.  Оның қызметі жеке автор немесе авторлық ұжым әзірлеген жетекші психологиялық-педагогикалық немесе ұйымдастырушылық, басқарушылық тұжырымдамалар негізінде жүзеге асырылады. Оқу мен тәрбие ісін бөліп‑жармай, біртұтас қарастырды, тіпті психология ілімін тұлғаны қанаттандырушы негіз ретінде бастапқы орынға қойған ғалым‑ұстаз «Мағжан және Монтессори» мақаласын жазып, тұлға ерекшеліктері мен оның қалыптасу негіздеріне назар аударды. А.Қыраубаева: «Соңғы ғасырымыздың айтулы ізденістері болып табылатын Штейнер мен Монтессори тәрбиесі ұлы гуманизмге негізделген. Ал қазақ тәрбиесінде Мағжан «Педагогикасы» адамшылықтың үлгісі дер едім. Оған ұстаздың мына сөздері куә: «Адамның шын мағынасымен «адам» болуы үшін өзін сүю, жақындарын сүюмен қанағаттанбай, жалпы адамзатты сүюі шарт… Адам өз халқының адамдарын сүюінің үстіне басқа халықтардың адамдарын да сүюге міндетті…» Бұл сөздерді адамды сүйген адам ғана жазуы тиіс» деп атап көрсетеді [8].

Алма Қыраубаева – қазақи тәрбие мен ұлттық ұстанымы берік ортада өскен, елдік қасиеттердің ұлтты сақтаудағы маңызы мен рөлін жете түсінген ұрпақтың бірегей өкілі. Ғылыми пайымдау тұрғысынан ғалым заман сұранысын айқын бағдарлап, қазақтың рухани құндылығын арғы-бергі дәуірлер әдебиеті мен рухани кеңістігіміздегі білім мен білік парадигмаларын екшей отырып, уақыт талабына сай шешім таба білген педагог.

Ұлтты сақтайтын код – қазақтың өзінің баға жетпес елдік  құрылымы, рухани байлығы, әдебиеті мен мәдениеті, ұрпақ бойына жан, тән, ар, дене, ой тазалығын сіңіру философиясында жатқанын бағамдап, мектептің төл әдістемесі ретінде «Баланы жасытпай оқыту» идеясын ұсынды. Ұстаздың: «Ал, жалпы, Сиявуштың арман қаласы секілді болашақтың арман-сабақтарын аңсаймын…Шәкірттерім мені көргенше, мен оларды көргенше асықсақ»… деген сөздері өз ісін сүйген қай ұстаздың болсын ішкі ойымен үндеседі [9].

Алаш қайраткері, филология ғылымдарының докторы, профессор, тіл білімінің теориялық негізін қалаған аса көрнекті ғалым Құдайберген Жұбанов білім мен ғылымның байланысына айырықша мән береді. Тілші-ғалымның: «Білімге айналмаған ғылым – пайдасыз ғылым. Ғылымды білімге айналдыратын – мектеп» деген тұжырымын педагогикалық ұстанымдарының бірі ретінде қарастырған Алма Қыраубаева «Қазақ құбылысын» жүзеге асыруымыз – алдағы міндет!» деп болашақ міндетін нақты межелеген [10].

 

Зерттеу нысаны ұлт ұрпағы болған педагог ұсынған білім беру және тәрбие негіздерін төмендегідей принциптер негізінде қарастырды:

1) гуманитарлық білім берудің құрылымы мен функциялары негізінде оқыту;

2) педагогикалық зерттеудің логикасы мен әдістерін ұлттық таным мен құндылықтар жүйесіне басымдық бере отырып оқыту;

3) қазақ педагогикасын дамыту мақсатында жалпы ғылыми маңызы бар бастапқы, негізгі, іргелі педагогикалық принциптерге (теориялар, тұжырымдамалар, болжамдар) және тәжірибені жетілдіру мақсатында білім алушының білімін қолдану сауаттылығына басымдық беру.

А. Қыраубаева: «Тарихы тереңде жатқан әдебиетіміз бен мәдениетіміздің іргелі бастаулары бұған дейін дұрыс оқытылмай келді. Еліміз көне мәдени мұралардың ошағы болғанын оқушы санасына қалыптастырып, мақтаныш сезімін оятуымыз керек. Туған жердің, Отанның, елдің тарихына жастайынан қастерлеп өсіру – басты мақсатымыз. Сондықтан мектеп ашқанда мен ұлттық білім ордасы қандай болу керек деген ойымды іске асырсам деп ойладым. Бұл өмір бойғы арманым еді. Мұны бір жағынан ұлттық мектептің жаңа моделі десе де болады» деп өз жұмысына баға береді [11].

Гуманитарлық қазақ мәдениеті авторлық мектебінің негізін қалаған А.Қыраубаеваның іс‑тәжірибесімен қазақстандық педагогтер 2009-2016 жылдар аралығында «Арман-ПВ» баспасынан жарық көрген «Қазақ тілі» оқу-әдістемелік кешендерін қолдану барысында танысты. Осы кезеңде енгізілген жаңартылған білім мазмұны талаптарымен үйлес, үндес болған педагогтің көзқарастары ұлттық сипатымен еңселене түсті.

Тұтас мектеп жүйесін жасаған автор жұмыс әдістері мен тәсілдері кешенін ұсынып, мектеп мұғалімдерінің қолданысы арқылы тәжірибе жүзінде апробациядан өткізді. Мысалы: «Үшбу хат» әдісі – кері байланыс көзі. Бұл – оқушының өз ойын жүйелеп қағазға түсіру, жазу сауаттылығын меңгеру ғана емес, оның жан‑дүниесінің тетіктерін табуға көмектесетін психологиялық әдіс. «Өрнекті ой» әдісі –  материалды түсіну үшін сурет, көрнекілік, өнер және т.б. мүмкіндіктерге жол ашады, әсіресе, геймификациялық ойындар мен графикалық сызбалармен үйлесімді. Жұмысты түрлі формада беруге шек қойылмайды: кроссворд, эссе, инфографика, сұлба‑кескін, пішін, математикалық формула, ән, өзі ойлап тапқан ойын және т.б. Бұл жердегі басты шарт – оқушы өз туындысының қандай ұғым-түсінікке байланысты жасалғанын, идея қалай туындағанын айтып беруі.

Ғалымның өзі ойлап тапқан «Шиыршық» —  жаңа материалды игеру кезінде немесе әр сабақта өткен материалды қайталау, еске түсіру жағдайында  ұтымды көмек көзі.

Ғалымның «Шығармашылық зертханасы» – оқушыны ғылыми жоба жасау, зерттеуге баулу тәсілі. Зертхананың мақсаты мен міндеттеріне сәйкес зерттеу жұмыстары жүйелі қадамдарға негізделген. Зертхана құрылымы оқу үдерісін технологияландыруға негізделген, оқу-тәрбие процесінің нәтижелілігіне кепілдік беретін алгоритмді анықтауға құрылған. Білім алушының пәнді жоғары деңгейде меңгеруіне және маңызды мәселелер бойынша ғылыми–зерттеу жұмыстарымен айналысуларына жағдай туғызады; оқу-тәрбие процесінің нәтижелерін педогогикалық диагностика арқылы жүйеге келтіруге ықпал етеді; оқу–тәрбие процесінде жеке тұлғаның дамуын жан–жақты (таным процесінің ерекшеліктері мен жеке тұлғаның негізгі қасиеттері) зертеуді ұйымдастыруды жүзеге асырады; жеке тұлғаның рухани және эстетикалық дамуына бағытталған іс-әрекеттер жүйесін құру, іскерлік қабілеттерін арттыру т.б. жұмыс бағыттарын жолға қояды.

А. Қыраубаеваның білім саласындағы педагогикалық идеялары – теңдессіз еңбек, білім беру саласына елеулі үлес қосатын баға жетпес педагогикалық тәжірибе болып табылады. Оның педагогикалық идеялары мен тәсілдері баланың үйлесімді тұлғасын қалыптастыруға, оның шығармашылық қабілеттерін дамытуға және қоғамдық өмірге белсенді қатыстыруға бағытталған.

Қорытынды

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың халыққа жолдаған Жолдауының «Жаңа Қазақстан: Азаматтық институттардың рөлін нығайту» бөлімінде «Озық білім, үздік тәжірибе жоғары бағаланады. Өткеннен тағылым алып, келешекке сеніммен қадам басамыз» деген сөзі ғалым Алма Қыраубаеваның еңбектерінің сипатына сай және заманауи талаптар үдесінен келеді.

А. Қыраубаеваның мектебіндегі сабақты ұйымдастыру талаптары, әр оқушыға назар аудару, балдық жүйеде бағалау қадамдары, кіріктірілген сабақтар мен шығармашылықпен жұмыс жасау ізденістері Қазақстан мектептеріне ондаған жылдар салып кешігіп келіп отыр. Қазіргі мектептерде жүзеге асырылып жатқан тәлімгерлік жұмыстар мен сабақтағы зерттеу, «оқушы үнін» тыңдау, үзілістердегі домбыра үні  сияқты тың үдерістердің тамаша бастамасы ең алғаш Алма Қыраубаеваның мектебінде жүзеге асырылғанын Г. Қажиева, Ж. Жеткізген өз еңбектерінде атап өтті[12,13].

Алма Қыраубаеваның педагогикалық көзқарастары ұлттық педагогика құндылығына айналды. Ғалым мұралары, ғылыми еңбектері туралы зерттеу еңбектері жазылып, әдістемелік мұралары да жан-жақты қарастырылуда. Педагогикалық еңбектері туралы да мақалалар жарық көруде.

Қазақ педагогикасы, ұлт ұрпағын тәрбиелеу жолында білім беру реформасына бетбұрыс әкелген, «Сен – қазақ деген ұлы халықтың ұрпағысың!» деп батыл тұжырым айтқан Алма Мүтәліпқызы Қыраубаеваның педагогикалық көзқарасы, ұстанымдары, сөз жоқ, Қазақстандағы ұлттық тәрбие мен жаңа тұрпатты білім жүйесінің қанат жаюына үлкен үлес қосатыны даусыз[14].

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

 

  1. Қыраубаева А. Жаным садаға. 5 томдық шығармалар жинағы. 4-том. — Алматы: Өнер, 2011. — 344 б.
  2. Хасанұлы Б. Қасымбек А. т.б. Қазақ тілі: Әдістемелік құрал.Оқыту қазақ тілінде жүргізілетін жалпы білім беретін мектептің жаратылыстану-математика бағытындағы 10-сыныптың мұғалімдеріне арналған.–2-бас. өңд. Астана: «Арман-ПВ», 2014. – 112 б.
  3. Ф.Ш. Оразбаева. Профессор Алма Қыраубаеваның педагогикалық көзқарастары. А. Қыраубаеваның 70 жылдық мерейтойындағы баяндама материалы.
  4. Профессор Алма Қыраубаева: ұстаздық ұлағаты мен ғылыми мұрасы: республикалық ғылыми-теориялық конференция материалдары. Алматы, 25 мамыр, 2022 жыл / құрастырған және электрондық баспаға дайындағандар: Л. Мұсалы, Б. Даутова, Г. Ыбырайқызы. – Алматы: Қазақ университеті, 2022. – 96 б
  5. Қыраубаева А. Пәнді оқытудағы заманауи ізденістер: технология және жаңашылдық: оқу құралы / А. Қыраубаева, А. А. Қасымбек, Н. Қ. Мәтбек. — Алматы : Қазақ университеті, 2020. — 350 с.
  6. А.Қасымбек, Р.М.Дуйсебаева. Қазақ тілі мен әдебиеті пәндерін оқыту ізденісі: Әдістемелік құрал. Алматы: 2020. – 40 бет.
  7. А. Қыраубаева. «Сенім» бағдарламасы // Қазақстан мектебі. – 1996. – №4
  8. Қасымбек А.А. Дүйсебаева Р.М. Қазақ тілі: Әдістемелік нұсқау. Жалпы білім беретін мектептің қоғамдық-гуманитарлық бағытындағы 10-сынып мұғалімдеріне арналған құрал. – Астана, 2010. – 116 б.
  9. Гуманитарлық қазақ мәдениеті мектебінің тәжірибесі // Ұлт тағылымы. -1999.- №1. -13-17 бб.
  10. Жұбанов Қ. Қазақ тілі жөніндегі зерттеулер. өңд., 3-бас.– Алматы: Мемлекеттік тілді дамыту институты, 2010. – 608 б.
  11. Егемен Қазақстан. – 2021. – 18-24 қараша. – №46
  12. Қажиева Г.Т. «Мәңгілік ел» ұлттық идеясы негізінде мектептегі тәрбие жұмысы мазмұнын жаңарту жолдары. Әдістемелік нұсқаулық. Алматы: 2017. – 151 б.
  13. Жеткізген Ж. А. Қыраубаеваның 70 жылдық мерейтойындағы баяндама материалы.
  14. Ұлттық мектеп — өрісіміз // Қазақстан мұғалімі. – 1995.- 24 қаңтар.

 

Back to top button