Түркі жұртында
КСРО Халық әртісі Қайыргүл Сартбаева дүниеден озды

Қырғыз өнері мен жалпы түрк дүниесі орны толмас ауыр қазаға ұшырады. 91 жасқа қараған шағында КСРО Халық әртісі, аты аңызға айналған опера әншісі, профессор Кайыргүл Сартбаева өмірден озды.
Осы қайғылы хабарға байланысты Қазақстанның мемлекет және қоғам қайраткері, профессор Дүйсен Қасейінов қырғыз халқына және марқұмның отбасына терең қайғырып көңіл айтты.
Дүйсен Қасейіновтің көңіл айту хаты:
«Қымбатты қырғыз ағайындар,
Ардақты Искендер інім, Айгүл қарындасым!Заманымыздың заңғары, КСРО Халық әртісі, атақты опера әншісі Кайыргүл Сартбаева әпкеміздің дүниеден қайтқаны туралы хабарды терең қайғырумен қабыл алдым.Кайыргүл Сартбаева тек қырғыз халқының ғана емес, жалпы түрк дүниесінің мақтанышы еді. Мен бұл асыл инсанмен ұзақ жылдар бойы шығармашылық тығыз байланыста болдым. Әпкеміздің жұлдызы жанып, өнері өрлеп тұрған шақта бірлесе туындылар дайындап, көрерменге ұсынған күндеріміз есімде. Бір жылдары мен Қазақстанда, ал Кайыргүл Сартбаевна Қырғызстанда ректорлық қызмет атқарып, өзара тығыз әріптес болдық. Өзге де жауапты қызметтерде жүргенде ұлы әншінің әрбір мерейтойында ақ тілегімізді арнап, қасынан табылған едік. Кезінде заңғар өнер иесіне ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымының «Алтын медалін» өз қолыммен табыстап, құрмет көрсеткеніме бүгін тәубе деймін.Не шара, ажалға араша жоқ екен. Өлімге қия алмайтын ұлы тұлғадан айырылып қалдық. Әпкеміздің жатқан жері жайлы, жаны жәннатта болсын. Баршаңызға шын жүректен көңіл айтып, қайғыларыңызға ортақтасамын. Кайыргүл Сартбаевнаның жарқын бейнесі жадымызда мәңгі жасайды».
Кайыргүл Сартбаева — қырғыз опера өнерінде өшпес із қалдырған бірегей сопрано дауысты әнші. Ол А. Малдыбаев атындағы Қырғыз ұлттық академиялық опера және балет театрының сахнасында 50-ден астам ірі партияларды орындап, кейінгі ұрпаққа бай мәдени мұра қалдырды.
Редакциямыздың атынан марқұмның туған-туыстары мен бүкіл қырғыз халқына қайғыра көңіл айтамыз.
Сарасөз-ақпарат
