Түркістан дәптері

Қазақ табиғатының тамыршысы

Жер басқан әрбір ұлттың өзіне ғана тән ерекшеліктері бар, ол алыстан менмұндалап көрініп тұрады.

Тұран табанында, Бетпақтың Ұлы Даласында туып-жетсе де, атағы әйдік «Алтын Орда» империясымен мұхиттардан асып, құрылықтарды басып, жер-жаһанға, дүниенің төрт бұрышына жеткен қазақ ұлтын – жаттан жара бөліп, бөтеннен  биіктетіп тұратын өзгешелігінің бірі – ұлтының қолөнері. Қолөнер – қазақтың рухының, болмысының, табиғатының тамыршысы һәм әдет-ғұрып, салт-дәстүрінің, мәдениеті мен байлығының айқын үлгісі.

Қазақтың тұрмыс заттары, үй-жайы, қару-жарағы, қыз жасауы, киіз үйі, кебеже, сандық, алтыбақан, асадал, бесік, ағаш кереует, кілем, сырмақ, алаша, тоқыма ши, ыдыстар мен ән-күй аспаптары, зергерлік пен ұсталық ою-өрнек – қазақты дөп тауып көрсетеді, ешкіммен шатастырмайды.

«Қолөнер – біздің ұлттық айнамыз, бай мұрамыз, салқылмас қазынамыз» – дейді қасиетті жер, көне шаһар Түркістанның Кілем тоқу өнерінің шебері, Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеттің «Бейнелеу өнері» кафедрасының аға оқытушысы, Мәдениет саласының үздігі, Қазақстан қолөнерішілер одағының мүшесі, қолөнер шебері, Мереке Полатқызы Айдарша.

«Қазір күллі әлемде нанотехнология шарықтап дамып, аспандап алға шыққан, Масктың «teslaлары» бұлттарды тесіп ұшып жүрген уақытта – ұлттың есте жоқ, әбден ескірген дәстүрлі қолөнеріне деген сұраныс емес-ау, жалпы, титімдей қызығушылық бар ма?»

Мереке Полатқызына алғашқы сұрағым осы болды. Жаратылысында «жер қозғалса, мызғымас» салмақты кісі ме, ұзақ үндемей қалған оқытушы-шебер сөзін салиқалы сарында бастады…

Мереке Айдарша: – Бәлкім, уақыт орнында тұратын шығар, бірақ, адам баласының ұрпағы ауысып отырады. Қазір технологияны алға апаруға тиіс адамзат буынының мезгілі болса керек. Бірақ, технологияның жаңғыруы – ұлттық қолөнерді қаңғытып жібере алмайды. Керісінше, ұлттың өзіндік қанық бояуы – жалпы адамзатқа ортақ игіліктерге нәр беріп, байытып отырады.

Қолөнершілік – тәлімді тәрбиеші

– Қолөнерден баю мүмкін бе?

ереке Айдарша: – Байыған – дұрыс. «Қолдан келсе, қоныштан бас» дейді қазақ. Бірақ, байлыққа жетудің әдіс-тәсілдерімен бірге – міндетті шарттары бар. Мәселен, ата-анамыз «Ешкімнің ала жібін аттама» деп өсірді, өзімізді. Демек, адал еңбек, табан ақы, маңдай теріңмен әлемнің ең бірінші бай адамы болуға да рұқсат.

Қазақтың қолөнершілігі алғашқы шарты да осы – өз қолыңмен жасалған адал еңбек, адал нан. Сосын, қолөнердің екінші қанаты – сабыр мен төзім. Қай-қай бұйымды немесе затты ұлттық қанық бояуда табиғи сұлу да сымбатты қалпында жасау үшін телегей сабыр мен теңіздей төзім керек. Яғни, қазақтың қолөнершілік кәсібі – нағыз тәлімді тәрбиеші. Бұл тамаша «тәрбиеші» ұрыспайды, жекімейді, ренжімейді, бірақ, тек, сабырдан сырғанап, төзімнен тайсаң – илікпейді, ілікпейді, жібімейді, ойыңдағы оймақтай дүние шықпай қояды…

– Ортекедей орғыған бұл асау өнер әрі кәсіп – сізге де оңай ұстатпаған секілді…

Мереке Айдарша: – Ештеңе қиындықсыз өздігінен келмейді. Бірақ, мен «Өзімді тағдырында жолы болған адаммын» деп есептеймін.

Өзім бүгінгі Түркістан облысының Отырардың ауданына қарасты Көксарай ауылында көпбалалы отбасында туып өстім. Екінші Дүние соғысының майдангері болған атамның ақындық өнері болды. Ал, әкем тәулік бойы қазақ радиосын сөйлетіп қойып, тек қазақ әндерін тыңдайтын. Аталған екі жағдай мені де өнердің өрісіне сүйреді. Жастайымнан ән шырқауды ұнаттым. Ә дегенде, ауылдастарым мені «қолөнерші» емес, «әнші» деп таныды. Қоңыр домбыраны өз бетіммен үйрендім. Кейін мектептегі музыка сабағынан Салман ағай қазақтың дәстүрлі әндерін сезіммен, бояуын жоғалтпай домбырамен орындауға баулыды.

Алғашқы аққанат арманым зәулім сахнада үлкен оркестр құрамында домбырамен күй орындау болды. Дегенмен, домбыра тартуды жақсы үйреніп алып, қабылетімнің бұл өнерді меңгере алатындығыма көзім анық жеткесін, балалық албырттық па екен, тез суып, сабама тез түсе қойдым. Өзімше бойжетіңкіреп, ақылым толысқандай сезініп, журналист болуға көңілім ауды. Аракідік Ұлт-аспап оркестінің дирежері болу аңсарым да біржола жойылып кетпей, «бас көтеріп» қоятын еді.

Жоғарғы оқуда «Көркем тоқыма» бөлімі бұйырып, тағдырымда тоқымадан нан жеу бұйырды. Бір айтарлығы, жолымда жақсы адамдар көп кездесіп, қолтығымнан демеді, кеудемді пәсейтпеді.

Қожа Ахмет Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің Шымкент қаласындағы бөлімшесінің «Көркем тоқыма» бөлімінде оқып жүріп, түскиіз, кілем тоқу дәстүріне шындап ден қойдым. Сөйтіп, габелен де тоқып, киіз басып, ұлттық құндылық өнеріне тоқтадым.

Алтай қорғанынан табылғанын кілем тоқу өнері – қазақтікі

– Адамның өткенге, балалыққа, әкеге деген сағынышы таусылмайды ғой, сол сезімдер теңіздегі асау толқындардай тербеткен де шығар?

Мереке Айдарша: – Әрине, дүниенің бәрі бір-бірімен жалғас, бір-біріне жапсарлас қой. Ол кезде ауылда екі үйдің бірінде кілем тоқылып жатады. Анамның абысыны Шарбан апаның қолы шебер кісі болды, үйінде үнемі кілем тоқылып жататын. Өзімнің екінші әпкем суретті сұмдық сұлу қылып салатын, өзі сырмақ тігетін. Киіз басатын анама жүн тарап беретінмін. Үлкендер бізді тамыз айында «Сүмбіледе сұмырай қатын ұйықтайды» деп, ұйықтатпайтын еді…

 

– «Сүмбілемен алысып жүріп бойжеттік» дейсіз ғой?

Мереке Айдарша: – Шындығы да сол: жоғарғы білім алып жүріп, болашағымды қазақтың қолөнеріне біржола байладым. Өзіме көбіне үлбіреген, қалың, жұмсақ түкті кілем ұнайтын еді, қабатында сырмақ тігумен айналыстым.

Менің көзімнің анық жеткен ақиқаты мынау: кәдімгі кілемді әркім өзіне тартып, жұрттың бәрі «біздікі» дейді. Ал, нақты ғылым кілемнің Алтай қорғандарынан табылғанын дәлелдеді, яки, кілем тоқу өнері – біздікі, қазақтікі. Осыны білгесін, мені бұл жолдан қайтаратын ешкім жоқтай көрінді… Мен осы Пазырық қорғанынан табылған кілем эдементтерін алып құрап, тоқып шығып Республикалық Шебер конкурысына қатыстым. Байқау шарты бойынша конкурстан жүлдегер атанған шебер шетелге 2 аптаға саяхаттауға бару мүмкііндігіне ие болады.

Дәп осы кезде мен өмірімде бірінші рет қатты қуандым. Қуандым да шүкіршілік еттім. Өйткені, жарық әлемге перзент әкеліп, «ана» атандым. Осы кезеңде қолөнер бойынша шетелге баруым керек болды.

Қызымды дүниеге әкеліп, көп ұзамай қалай шетел кете барамын? Алдымда таңдау тұрды. Бірақ, кеудем күдік пен қорқынышқа толы маған ата-анам да, ата-енем де, жолдасым да түсіністікпен қарап, үлкен қолдау көрсетті. Осыған борыштымын. Дүниедегі ең жақын, ең жанашыр адамдарымның осы бір мейірімді қолдаулары үшін мәңгілік ризамын. Бұл жай қолдау ғана емес, менің күллі тағдырымның тұғырнамасын бекітіп берді, ол – таңдаған қолөнер жолына деген темірдей берік сенімім.

Анасы қызының бақытын сұрайды…

– Тиянақты диплом алған соң, қазіргі  жастарға ұқсап, жұмыс іздеген шығарсыз?

Мереке Айдарша: – Кілем тоқитын қолөнершіні ешкімнің іздей қоймағаны рас. Ойламаған жерден Кентауда Арнайы мамандандыру оқу орталығында кілем тоқу курсы барын естіп сол жереге барғанымда мені сол жерге жұмысқа шақырды. Кілем тоқитын қолөнершінің жолы болып, жұмысқа кіріп, қазір жаңғыра бастаған «жұмысшы» кәсібінің қадірін түсіндім. Бір қызығы, түріктерде тұрмысқа беретін қызының жасауын анасы өз қолымен жылдар бойы әзірлейді, әлі күнге дейін. Біз, өкінішке қарай, Бұл дәстүр жоғалып кетті, қыз жасауын базарлап кетіп, әзірлеуге дағдыланып алдық.

Түріктің анасы қызының жасауының әрбір бұйымын дайындап отырғанда, Құдайға дұға жасап жалынып, қызының бақытын сұрайды. Қызы болса, төркінін, анасын, туған ошағын сағынғанда анасының қолымен жасалған әрбір затты иіскеп, анасына деген сағыныш-мауқын басады. Мұның өзі ұлттық тәрбиенің құдыреті. Түрік әйелдерінен қолөнердің көп сырларын үйрендім.

Мен жұмыстың қабатында,  магистратура да  оқып алдым. Бертін келе, түрік бауырлар еліне қайтты. Өзім тынбай ізденіп, шапқылап жүріп, бір күні Кентау қаласында жүннен киіз өнімдерін шығаратын жоба жасап, грант ұтып алып, шағын ғана жұмыс орынын аштым.

Дархан Сатыбалды – қазақтың жанашыры

– Сөйтіп, не керек, кілем тоқып-сатып, баюдың тура жолына түстіңіз?

Мереке Айдарша: – Аузыңызға – май, лайым, солай болғай! Турасын айтсам, қолөнердің жалпы болмысы, соның ішінде, кілем тоқу кәсібі – пайдалы бизнестің де, арзан тауардың көзі бола алмайды. Яғни, бұл жерде іскерлік алымдық емес, шығармашылық қабілет алға шығады. Кілем тоқу өнері – жер қазатын күрек жасау емес. Жұмыстың уақытының ұзақтығы мен қиындығын да ескеру керек. Сол себепті, тұрақты түсім мен табыс болмайды.

Соңғы жылдары әкімшілік қолөнер саласына оңды көзқараспен қарай бастады. Мысалы, қазіргі Алматы қаласының әкімі, бұрынғы біздің Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды мырза мені Түркістан қаласындағы бір көрмеде көріп (шікірейіп кәстөммен емес, қарапайым киініп) келіп, жағдайымды егжей-тегжейлі сұрап, қазіргі шеберханамның ғимаратын тегін жұмыс істеуге уәде беріп, ақыры, сөзінде тұрып, уәдесін орындады. Бізде осындай сертінде тұратын сергек, қазаққа шын жанашыр, тәрбиелі әкімдер де бар.

– Қазақтың қолөнерінің болашағы бар ма, қалай ойлайсыз?

Мереке Айдарша: – Ә дегенде, біз шетелдің жасанды жылтырақтарына құмар болдық, енді қазақтың табиғи өнімдеріне бет бұра бастадық. Тоқыма өнері тоқсаныншы жылдары саябырсыды. Баяғыда төрт қыз бір айда бір кілем тоқыды, қазір жастар қызықпайды, жалғыз қыз бір кілемді үш ай тоқиды. Қазір менің шәкірттерім бар, бірақ, көп емес. Бұрынғы бір шәкіртім: «Студент кезімізде бізге қаталырақ қарап, көбірек ұрсуыңыз керек еді» дейді.

Кәсіпке сұраныс өсіп келеді, бірақ, қызушылық төмен. Қазақ бар болып тұрғанда – қазақтың қолөнерінің де болашағы бар, ал, оның бояуы қанық, сұлбасы анық жарқын болуы – билік пен бізге байланысты.

Түрік қағанатының тұғыры

– Сөзіңіздің жаны бар, Түркістан секілді «екі дүниенің есігінде» жүріп сұлулықты танымау, қасиетті сезінбеу – мүмкін еместей көрінеді. Тек қазақ қана емес, мұқым мұсылманның қасиетті топырағының киесі күшті ғой…

Мереке Айдарша: – Рас сөз, Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан көне қала, ежелгі шаһар Түркістан – түркі халықтарының мәдени және рухани астанасы, алыс тарихтан – күнгейлі тамыр тартып, келешекке бағыт алған мамыражай мекен. Еңселі Еуразия кіндігінде Ұлы Жібек жолының дархан даласына айналған  өлкеде қадым заманнан Қыпшақ ұлысының, Түрік қағанатының, Қазақ хандығының астанасы болған мыңжылдық өркениеттер тоғысы бар шежірелі сұлу қалалар соғылып, мыңсырлы мәдени ошақтар салынды.

Мың жарым жылдан астам тамырлы тарихы бар, шартарапқа кеткен керуен жолдардың тоғысқан жері, Ұлы Жібек жолының орталығына айналған Түркістан қаласындағы жәдігер ескерткіштер, мәдени орындар, ежелгі ғимараттар және маңайындағы ғажайыбы құпияларға толы өзен-көлдер мен тау-тастар, ормандар мен шөлейіттер – талай тар жол, тайғақ кешкен соғыстарды өткерген өте ескінің кемел куәсі…

Қазіргі теберікті Түркістан қаласы – шығысында тарамыс тарихтың тарланында Отырар, батысына атышулы «Алтын Орда» империясының қаһарлы да құдіретті орталықтары болған бүгінгі Ақмешіт өңірінің Жаңақорғаны жарқыраған, солтүстігінде сырбаз Созақ, көркем Кентау қаласымен шектесіп жатқан киелі жер.

Қайсарлығы мен намысы

– Турасын айтқанда, қолөнер кәсібі «ұрсаң да кетпейтін» нағыз наркесті тарихи өңірдің өзіне тән ерекшеліктері қандай?

Мереке Айдарша: – Көшпенділер – табиғи туабітті жауынгер болғандықтан, ең алдымен, ұлттық нақыштың қайсарлығы мен намыскерлік қасиеттері ер-тұрманында көрінеді. Қазақтың дәстүрлі қолөнерінінің бесігіндегі Түркістан шеберлерінің (темір ұстасы, ағаш шебері, кілем тоқушы т.с.с.) қала тарихымен ұштасып, үйлесімді көрініс тапқан туындыларында (былғары, ағаш, киізден т.б. қолдан жасаған бірегей заттары) – зергерлік бұйымдар мен ат әбзелдерінде, кілем мен ши тоқудың түрлері, киіз басу, сырмақ сыру, бау басқұр (киiз үйдiң арқандары мен жiптерi, баулары мен құрлары), гобелен тоқу өнерінде, ұлттық ән-күй аспаптары мен қобдишаларда, ағаштан, киізден, былғарыдан және жүннен жасалған (қуыршақтардан, түйелерден т.б.) табиғи материалдардан жасалған экологиялылық таза, ұлттық стильдегі заманауи бұйымдар, өнімдер, кәдесыйларда – қазақтың мәдениеті, табиғаты мен өзіндік мінезі асқақ рухпен керемет айшықталған.

Түркістан қолөнер шеберлері туған өлкенің қоршаған ортасына зиян келтірмейтін дәстүрлі кәсібі, қайталанбас стилі, озық үлгілерімен адамдарға табиғаттың, жануарлардың құндылығы мен сұлулығын көрсетеді. Қолөнерге шынайы сүйіспеншілік, кәсіпке жаңа көзқараспен қарау – шабыт көзін ашып, шеберлігімді шыңдауға үлкен серпін мен зор мүмкіндік береді.

Халықаралық қолөнершілер қаласы

– Шаһарға Дүниежүзілік қолөнер кеңесі ұйымының мүшелері арнайы жиналып, жергілікті қолөнершілердің жұмысына жоғары баға берудің нәтижесінде Түркістан қаласы «World Craft Council» халықаралық ұйымының шешімімен және Дүниежүзілік қолөнер Кеңесінің келісімімен «Халықаралық қолөнершілер қаласы» мәртебесін алды. Демек, алдағы уақытта «Ерекше мәртебе» статусы аясында қолөнершілер шығындарының 25 пайызы субсидияланатын болды. Бұл қадам қолөнердің тынысын кеңейте ала ма?

Мереке Айдарша: – Жаңарған, жаңғырған Түркістанның түркі әлемінің мәдени-рухани орталығына айналғанын мойындауымыз керек. Осыдан төрт жыл бұрын Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің VIII бейресми саммиті Түркістанды «түркі әлемінің рухани астанасы» деп атау туралы декларацияға қол қойды. Бұл құнды құжат – түркітілдес елдердің жоғары деңгейдегі кездесулері мен келісімдерін өткізіп, бауырлас халықтардың мәдениеті мен өркениетін нығайтуға және Түркістанның рухани-мәдени дамуына тың серпін берді.

Нақты бір мысал: қолөнершілерді қолдау мақсатымен облыс орталығында қолөнершілер рухани-мәдени орталығын салу мәселесі қаралып, жалпы алаңы 2,56 га қамтитын «Қолөнершілер қалашығы» туристік кешені таяу уақытта пайдалануға беру жоспарлануда. Арнайы көрме залы, шоурум бөлмелері, саялы бақ, шығыс базары, мейрамханалар, қонақ үй, автотұрағы бар алып өнер орталығына айналмақ.

Бүгінгі таңда түбі бір түркі елдері рухани орталық – түркі жұртының рухани астанасы санап қастерлейтін Түркістан қаласы алып құрылыс алаңына айналып, дамудың жаңа сатысына көтерілді. Негізгі үш бағытта дамып жатқан шаһарда Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің аумағы толығымен абаттандырылып, толық түрленді. Бірнеше мұражайлар, технологиялық кітапхана, театр мен неке сарайы бой көтеріп, сәулеттік сән-салтанаты жарасқан орынға айналып, қонақтарға қолайлы жағдай жасалды.

Әзірет Сұлтан қорық-мұражайының аумағында Ясауи мен Рәбиға Сұлтан Бегім кесенелері мен Күлтөбе көне қонысының тарихи орындарын қалпына келтіріліп жатыр. Тарихи, рухани, мәдени орталықта Визит орталығы, «Ұлы дала» орталығы, Ясауи музейі, Фараб кітапханасы, театр, еліміздегі тұңғыш Халықаралық туристік және меймандостық университеті тәрізді маңызды нысандар көз қуантады.

Қала мейманы арнайы ат басын бұратын, аумағы 188 га ауқымды жердегі қонақүйлері, кинотеатрлары, мейрамханалары мен тарихи-сауда көшесі мен Жасанды көлі үйлесім тапқан «Керуен сарайы» алып кешені – шаһарға ерекше көрік беріп тұр. Демек, Түркістанды ««Халықаралық қолөнершілер қаласы» мәртебесіне лайық емес» деп, ешкім айта алмаса керек, әбден лайық мәртебе.

Түркістанда әлемге аты әйгілі қолөнершілер бар…

– Сонымен қатар, жасаған бұйымдарын туристерге сата алмай отырған түркістандық қолөнершілерге жәрдем беру керек шығар?

Мереке Айдарша: – Ол да жоқ емес. Бастысы, мен тек өзімнің кілем тоқу өнерін ғана айтсам, шетелден көп тәжірибелер жидым. Мысалы, бізде жалпы бағыт дұрыс болғанымен, айталық, кілем тоқу кәсібіне мемлекет қолдау жасамайды. Ал, Иран, Өзбекстан, Тәжікстан, Әзербайжан, Түркіменстанның кілем тоқу салаларының жақсы дамуының себебі – мемлекет үнемі әрі үздіксіз қаржылық демеу жасап отыр. Сондықтан, «Орта Азиядағы 50 әйел қолөнершінің қатарына кірген шебер» ретінде айтарым: қазақтардың қолөнерге деген құрметі мен махаббатын оятып, қолөнер шеберлігін жүйелі түрде терең насихаттау керек. Түркістанда алыс жақын шетелге танымал 15 шақты қолөнершілер бар. Балаларды қолөнер шеберлерімен үздіксіз байланыстырып қою керек. Қазақ жастары ән мен күйден басқа да мықты кәсіптердің бар екендігін білуге тиіс.

Қазақ билігі – қазақ қолөнерін дамытудың кешенді Мемлекеттік бағдарламасын қабылдап, үздіксіз қаржыландыруы керек. Өйткені, қолөнер – бизнес емес, өнер. Өзбек мемлекетінің билігі қолөнершілеріне баспанасына дейін тегін алып береді, қаржылай қуаттап отырады. Есесіне, әлемнің талай елдерінде, тіпті, әуежайдың өзінен-ақ өзбектің өрнектерін көресіз…

Түркістан – қазақ туризмінің төрі

– Ұлттық, тарихи туризм ошақтары мол Ұлы Жібек жолының берегей қонысы Түркістан қаласының – қазақ туризмінің төрі болмауға қақысы да жоқ қой?

Мереке Айдарша: – Түркістан қаласының туристік әлеуеті өте жоғары. Түркістан – қазақтың тарихи туризмінің құтты ұясы, алтын тұғыры, орасан ордасы.

Түркістан қаласының туризм кластерінің басым бағыты және тарихи туризмінің басты нысаны – қазақтың қабырғалы хандары мен сұлтандарының асыл сүйектері байыз тапқан зираттары, ұлы астроном, ғалым Ұлықбектің қызы Рәбия Сұлтан Бегім мазары, ортағасырлық «Шығыс моншалары», Жер асты мешіті, т.б. құн жетпес құндылықтарға толы – ЮНЕСКО-ның мәдени мұралар тізіміне енгізілген «Мемлекеттік тарихи-мәдени Әзірет Сұлтан қорық кесене-мұражайы».

Түркістанның айналасындағы ортағасырлық ғажайып қалалардың қазіргі орны, тарихи мұражайлар мен мәдени орталықтар, көне Отырар, Сауран қалашықтары, Арыстанбаб кесенесі, Бәйдібек ата, Домалақ ана кесенелері, Ақмешіт үңгірі, Түлкібастың тамаша табиғаты, Ақсу-Жабағылы, Қаратау қорықтары, Сайрам-Өгем мемлекеттік ұлттық-табиғи саябағы секілді сұлулығы көз тартып, тамсандырған мекендер.

Түркістан қаласы – ХІV ғасырда Қожа Ахмет Яссауи кесенесі салынып, «Түркі әлемінің діни орталығы»; ХV ғасырдан саяси және экономикалық орда; 1598 жылдан Қазақ хандығының астанасы деп танылды.

Түркістан қаласының 1500 жылдық тарихын дәлелдейтін деректер табылған ескі Күлтөбе қаласы – туристерді өзіне менмұндалап шақырады. Саяхат сапары қазіргі Түркістан қаласының ескі орны Күлтөбе қаласынан басталады. Қонақтарға жоғарғы қабатының тарихи белгілері ішінара бұзылса да, ескі қаланың ордалы орыны мен ерекше естеліктері айрықша қызықты.

Орта Азия мен Тұран даласындағы ең көне қала Шауғар – Қазақстанда ортағасырларда болған қала. 10 ғасырдағы деректерде, Отырар аймағындағы Кедер қаласынан бір күндік жерде «Шауғар – бекіністі қала, базар маңында мешіті бар» деп сипатталды.

Түркістанда туризмді дамыту үшін, алдымен, қолөнерден бастауымыз керек. Түркістан қаласында қолөнер саласы ұлттық дәстүрлерді сақтай отырып, заманауи үрдістермен үйлесімді дамуы үшін мемлекеттік құзыретпен – ұлттық өнерді дәріптеу, насихаттау керек; қолөнер шеберлерлерінің кәсіби біліктілін шыңдау мақсатымен қаржылық, шығармашылық қолдау көрсету керек; қолөнердің марқасқа тұлғалары қолөнерлік шеберлік сыныптарын үздіксіз өткізуі керек.

Басқа елдер секілді қазақ қолөнершілерінің жұмысы – жеңіл өнеркәсіп нысаны ретінде экспорт жасап, қазақ экономикасына өз үлесін қосуға тиіс. Жеңіл өнеркәсіп дамымаса, ұлттың рухы өледі.

Әлемдік туризмнің даму қарқынын байқасақ, әлемде ешқашан өзектілігін жоғалтпайтын кәсіп түрі – мейрамхана кәсібі екен. Тарихта бірінші мейрамхана ортағасырларда ашылған, яғни, ортағасырлық Түркістандағы мейрамхана кәсібі сонау ежелгі ғасырлар қойнауынан келе жатыр.

Туризмді дамытуға басымдық беріліп, инвесторларға қолдау көрсетілген қазіргі Түркістанда тамақ өнеркәсіп саласының, қонақ үй-мейрамханалық кәсіптің дамуы өзекті мәселе. Кәсіптік тұрғыдан басымдық талап етілген мейрамхана саласы еңсе тіктеп, этно-мейманханалар ашыла бастады. Еліміздігі ұлттық майманханалардың ең еңселісі – «Астық» мейрамханасы – менің қиял-ойларымның нәтижесі болғандықтан ғана емес, ұлтымның алдындағы теңіздей борышымның тамшысы екендігі көңілімді марқайтады…

«Арманым, айтарым көп саған менің…»

– «Армансыз адам – қанатсыз құс» деген қағидат бар. Сіздің арманыңыз құпия емес пе?

Мереке Айдарша: – Жоқ, ешқандай құпиясы жоқ. Осы «арман» деген сөзді естігенімде, мен еріксіз Қожа Ахмет Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетіне жұмысқа тұрғанымды есіме аламын. Расында, бұл да менің бір қымбат арманым еді…

Бала кезімде ақын Бәкір Тәжібаев пен композитор Ескендір Хасанғалиевтің атақты да шуақты «Асыл арман» әнін шырқап, тәтті қиялдарға шомылатынмын…

«Арманым ақ сәулелі күнімбісің,

Әлде бір алаулаған гүлімбісің.

Әлде бір желпіп өткен самал ма едің,

Арманым айтарым көп саған менің.

 

Асыл арман, асыл арман,

Көгімде шалқып ұшқан құсым ба едің.

Асыл арман, аспанымда жарқылдаған

құсым ба едің,

Мен сенің құдіретіңе, мен сенің

құдіретіңе түсінбедім.

 

Арманым құздан құлар бұлақпысың,

Әлде бір күлімдеген шырақпысың.

Әлде бір албыраған ай ма екенсің,

Арманым, айтшы маған қайда екенсің?

 

Арманым жүрегімнің жыры ма едің,

Жас ару жанарының нұры ма едің.

Әлде бір сазы ма едің домбырамның,

Қиялды асқар шыңға қондыратын» – деп шарықтата шырқайтынбыз…

Сізден өтінішім: осы әннің мәтінен толық жариялаңызшы журналығызға, талай адам балалық балдәуренін есіне алып, әнді қайта шырқап, рухани бір қанаттанып қалсын. Әйтпесе, бүгінгінің адамдары тым суып бара жатыр ғой…

 

– Бауырмалдық пен аяныш сезімі бойыңызда мол екен, қорқыныш пен үрей сезімі қалай, неден қорқасыз?

Мереке Айдарша: – Шексіз қуанудан қорқамын: ««Шүкірім» кемшін боп қалмады ма екен?» деп…

 

Әңгімелескен:                                Гүлжаз Қарыбекқызы.

Back to top button