Бақытын гүлден тапқан әйел

Дильназ Анарбайқызы – Сауран ауданының кәсіпкері, Сауран ауданы іскер әйелдер қауымдастығының төрайымы. Оның өмір жолы –қарапайым бастамадан үлкен кәсіпке дейінгі табандылық пен еңбектің жарқын үлгісі.
Ұяда не көрсең…
Дильназдың кәсіпке деген бейімі бала кезден қалыптасқан. Әкесі агроном, бригадир болып еңбек етсе, әжесі гүл өсірумен айналысқан. Ол кісіні ел «гүл өсіруші апа» деп атайтын.
– «Әркім өз көргенін істейді» дейді ғой. Әжем гүл өсіріп, мектептерге беретін. Сол кісіден көп нәрсе көрдік, – дейді кейіпкер.
Осы орта Дильназдың болашақ кәсібінің іргетасын қалады.
4000 теңгелік гүл – алғашқы қадам
Дильназдың кәсіп жолы тосын жағдайдан басталды. Бала-шағаны асырау жолын іздеп жүрген кезде бір күні Дильназ көршісінің терезесіндегі гүлді көреді.
– Сол гүлді 4000 теңгеге сатып алдым. Жұбайым ренжіді, себебі өзі күніне 1000 теңге ғана табатын. Содан соң мен ол гүлді сатып жіберуге мәжбүр болдым. Содан 500 теңге пайда көрдім. Мен үшін ол кезде үлкен табыс болды. Сосын «гүлден де табыс табуға болады екен-ау» деген ой туды. Сондықтан менің гүл саудасына көшуіме сол оқиға түрткі болды дей аламын, – дейді Дильназ Анарбайқызы.
Осы қарапайым қадам оның үлкен кәсіпке бет бұруына себеп болды.
Басында бір ғана гүлден басталған іс бүгінде үлкен жылыжай шаруашылығына айналды. Кәсіпкердің айтуынша, қазіргі таңда гүл түрлерінің саны өте көп. Солардың ішінде қазір ең көп сұранысқа ие өсімдіктердің бірі – замиакулькус, халық арасында «доллар гүлі» деп аталады.
Бүгінде өнім сапасын арттыру үшін заманауи технологиялар енгізілген:
тамшылатып суару жүйесі, автоматты дәрілеу толық автоматтандырылған.
– Бұрын бәрін қолмен істейтінбіз, қазір техника өзі суарып, өзі дәрілейді, – дейді ол.
Болашақ жоспар: ботаникалық бақ
Кәсіпкер алдағы уақытта ауқымды жоба жоспарлап отыр. Ол 1,5 гектар жер алып, оны толыққанды ботаникалық баққа айналдыруды көздейді.
– Адамдар келіп демалып, өзіне ұнаған, еш жерде жоқ гүлді осы жерден табатындай жағдай жасағым келеді, – дейді Дильназ.
Мемлекеттік қолдау – кәсіптің дамуына серпін
Сауран ауданы құрылғаннан бері кәсіпкерге әкімдік тарапынан қолдау көрсетіліп келеді. Әсіресе аудан әкімі Мақсат Асылбекұлының қолдауы ерекше болса керек. Дильназ Анарбайқызы осы жолда мемлекет тарапынан бір емес, бірнеше рет қайтарымсыз грант ұтып алғанын айтады. Соңғысы – 5 млн теңге (әлеуметтік кәсіпкер статусы)
Индустриялық аймақтан жер берілген.
Қазіргі таңда сол жерде шағын цех құрылысы жүріп жатыр.
Дильназ Анарбайқызы тек өз кәсібін дамытып қана қоймай, басқа әйелдерге де қолдау көрсетіп келеді. Ол – Сауран ауданы іскер әйелдер қауымдастығының төрайымы. Қазір ол әр ауылдан кәсіпкер әйелдерді іздейді.
Көпбалалы аналарға грант алуға көмектеседі (1,5 млн және 5 млн теңге)
Өз тәжірибесін басқа өңірлерде бөліседі
Қазіргі таңда кәсіпкер 70 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр.
Оның ішінде:
20 адам «Күміс жас», «Дипломмен ауылға», «Алғашқы жұмыс орны» секілді
мемлекет бағдарламалары арқылы жұмысқа алынып, мемлекет тарапынан қаржыландырып отыр. Одан бөлек сағатына 500 теңгеден жұмыс істейтін мектеп оқушылары да бар.
– Олар өздеріне дәптер, қалам алуға ақша табады, – дейді кәсіпкер.
Халықаралық нарыққа жол
Бүгінде кәсіпкердің өнімдері Өзбекстан мен Қырғызстанға экспортталады.
– Бұрын Голландия мен Өзбекстаннан алатынмын. Қазір бәрін өзім шығарғым келеді. Басқа мемлекетке тәуелді болғым келмейді, – дейді ол.
Гүл күтімі – үлкен жауапкершілік
Дильназ гүл күтімінің оңай емес екенін айтады.
– Кей адамдар гүлге көп су құйса болды деп ойлайды. Ол дұрыс емес. Тікелей күнге қойса, күйіп қалады. Жалпы, гүл де тірі ағза, қыста жылы, жазда салқын орта қажет. Оған әр түрлі тыңайтқыш керек. Содан соң Күн сәулесінен қорғау маңызды – дейді ол.
Дильназ Анарбайқызының жылыжайда тәртіп қатаң: жұмыс кезінде телефон қолдануға болмайды. Әр қызметкер кәсіби үйренуі тиіс дейді ол.
Оның өзіндік кәсіпкерлік философиясы бар.
– Бұрын менімен бірге гүл сататындарды ұнатпайтынмын. Қазір олардың да көмектесуші екенін түсіндім, – дейді ол.
Оның басты ұстанымы — қорықпай,
тәуекел ету, әрекет жасау.
– «Сен әрекет жаса, мен берекесін берем» дейді ғой Алла Тағала. Бірақ қиындықсыз ештеңе жоқ. Әр қиындықтан кейін жеңілдік бар, – дейді кәсіпкер.
Гүл – тек бизнес емес
Дильназ үшін гүл – жай ғана табыс көзі емес.
– Гүл адамды тыныштандырады, ауаға оттегі бөледі. Біреуге сыйласаң – қуантады, – дейді ол.
Қорытынды
Дильназ Анарбайқызының өмір жолы – қарапайым 4000 теңгелік гүлден басталып, үлкен кәсіпке айналған табандылық тарихы. Ол – тек кәсіпкер емес, жаңа мүмкіндіктер ашып жүрген, қоғамға пайдасын тигізіп отырған тұлға. Гүл – нәзік. Бірақ оны өсіру үшін мықты мінез керек. Дильназ Анарбайқызы дәл осы екеуін біріктіре алған жан. Бір түп гүлден басталған жол бүгінде үлкен жүйеге, адамдарға тірек болатын кәсіпке айналды. Бұл – сырт көзге қарапайым көрінетін, бірақ ішінде табандылық, тәуекел мен сенім жатқан өмір жолы. Кейде үлкен өзгеріс дәл осындай кішкентай таңдаудан басталады.
Осы жолда оның алғашқы қадамдарына сенім білдіріп, бағыт-бағдар берген жан да болды. Инара Әбдіғаппарқызы – Түркістан облысы іскер әйелдер қауымдастығының төрайымы ретінде Дильназ Анарбайқызының бастамаларына қолдау көрсетіп, оның кәсіби қалыптасуына серпін берген тұлғалардың бірі. Осындай сенім мен қолдау кейде адамның өзіне деген сенімінен де маңызды рөл атқарады.
М.Майлыбай,
Түркістан қаласы.