Жасанды ән жарға жықпасын

Жасанды интеллект ән шығаруға талпынып жүргендерге «қожайындық» жасап, музасының төріне жантайып жайғасып алып, шығармашылық адамының «миын улап», біртіндеп билігін жүргізе бастады. Нейрожелілерге арқа сүйеу ән тудырушыларға ғана емес, әнді өңдеуші музыканттарға да дағды болып бара жатқандай. Бұрын шабыты келмей, көкейіне ән ұялата алмай жүретін «күшеншек» композиторлар бүгінде күн сайын «ән шығарғыш» болып алды. Олар «Suno» дейтін «музасына» ән шығартып, кеудесінде пісіп-жетілмеген ыңылын өңдетіп, онысын ұялмай көпшілікке «менің әнім» деп тарататын болып жүр. Бұл жасанды интеллектінің ән тудырушылардың көмекшісі емес, музыкалық нарықтың толыққанды қатысушысына айналып бара жатқанының көрінісі.
Әлеуметтік желілерде лейблдер виртуалды әртістермен келісімшарт жасасып, стримингтік платформалар ашық түрде ЖИ өнімдерін іске қосуда. Ал, тыңдаушылардың басым бөлігі «шынайы әндер» мен мәтіндік сұраныс бойынша нейрожелілер құрастырған тректердің айырмасын біле алмай, дал болуда. Өз басым күндіз-түні тек ЖИ-әндерді тыңдап жүретін жастарды жақсы білемін. Осы эйфория аясында музыкалық аспапсыз, теориялық білімсіз және студияда жұмыс істемей-ақ ән шығару әлеміне кіруге болатын дағды қалыптасып келеді. «Suno» арқылы сауатты әрі сәтті промпт жазсаң, сенен мықты адам жоқ.
Алайда, бұл технологияның артында құқықтық вакуум, орасан көп музыкалық спам және жалқаулықтың жедел таралуы жатыр. Индустрия нейрожелілерді бақылауға алудың жолдарын іздестіріп, заңгерлер ЖИ-тректерді толыққанды авторлық құқық нысаны ретінде тану үшін нормативтік базаны жинақтап әуреге түсіп жатқанда, «шала музыканттар» тез ақша тауып қалуға ұмтылуда.
Музыкалық нарықтың жаңа архитектурасы қалай қалыптасып жатқаны, ұлттық ән колоритімізден алыстай бастағанымыз жөнінде жанайқайымызды жеткізіп, бірнеше сұхбат бердік, әлеуметтік желілерде пост жарияладық. Бірақ, бұл жанақайымызға құлақ асып жатқан ешкім жоқ.
ЖИ-мен ән шығару тарихына үңілсек, 2025 жылдың шілдесінде әлемде алғаш рет музыкалық лейбл мен «әртіс» арасында әншінің тағдырын музыкант емес, Suno арқылы ән «жасайтын» дизайнер шешетін келісімшарт жасалған. Сол жылдың қыркүйегінде тағы бір «автормен» АҚШ-тағы ақын әрі дизайнер ойлап тапқан ЖИ-«әртіс» арасында екінші келісімшарт түзілген. Лейбл бұл «әртіске» үш миллион доллар көлемінде аванс та төлеген. 2025 жылдың күзінде Spotify стримингтік сервисі Sony BMG, Universal Music, Warner Music Group, Merlin және Believe сияқты ірі музыкалық каталог иелерімен серіктестікте «әртістерге бағытталған» ЖИ-өнімдерін жасайтынын ресми түрде жариялаған. Бұл мәлімдемелер стримингтердің ЖИ-«музыканттардың» пайда болуына немқұрайды қарамай, керісінше, ынталандыра бастағанын айғақтайды. Бірақ, жанды музыканттармен әділетсіз бәсекені теңестіру үшін олар Spotify роялтидің бір бөлігін нақты әртістерге төлеуге уәде берді. Осыдан кейін псевдоәртістер ресми түрде Sony және басқа да компаниялардың каталогтары негізінде білім ала бастады. Мұның бәрі музыканттардың арасындағы түсініксіз құқықтық жүйені одан сайын күшейте түсті. Себебі, бұл жүйенің қалай іске асатыны және оны әртістер қаншалықты әділ деп қабылдайтыны белгісіз күйінде қалды. Қазір ән тыңдаушылар ЖИ мен адам сезімінен туған музыканы ажырата алмайтын халге жетті.
Deezer стримингі Ipsos зерттеу компаниясымен бірге ЖИ жасаған музыканы адамдардың қалай ажырата алатынын тексеру үшін сауалнама жүргізген. Қатысушыларға үш трек тыңдатылып (біреуі – адам қолынан шыққан, екеуін – ЖИ жасаған), қайсысы алгоритммен, қайсысы адаммен жасалғанын анықтау сұралған. Нәтижесінде күтпеген әрі көңіл көншітпейтін нәтижеге тап болған: сегіз елден қатысқан 9 мың респонденттің 97%-ы жасанды музыканы адам жазған музыкадан ажырата алмаған. Бұл жасанды поп-музыканың дәстүрлі тәсілмен туатын музыкаға қарағанда әлдеқайда арзан әрі тез тарайтынын көрсетіп отыр.
Қазір музыкалық дағдысы жоқ «айтишниктер» Suno, Udio сияқты сервистерді барлық ережелерді айналып өтетін «сиқырлы құрал» деп қабылдай бастады. Яғни кәсіби қабілетсіз-ақ ЖИ-ән жазып, нарыққа шығып, табыс табуға болатынын ұқты. Бұл шынайы ән жазатын композиторлардың жолын кесіп, «жасанды» ән шығарғыштарға жол ашуда. ЖИ-әндерді тіркеп отыратын Deezer платформасы күн сайын жүктелетін ЖИ-тректер санының күрт өскенін көрсетіп отыр: наурызда күніне 30 000 ән тіркелсе, сәуірде бұл көрсеткіш 50 000-ға жеткен. Бұл – нағыз эпидемия!
Шынайы музыканттар да бұл науқаннан шет қалмай отыр: олардың көпшілігі ЖИ-ді ән жазу мен аранжировка жасауда көмекші құрал ретінде қолдана бастады. Олардың негізгі мақсаты – ән шығару процесін жеделдетіп, жиі релиз шығару арқылы бәсекеге қабілетті болуды көздейді.
Әсіресе, күндіз-түні Тик-Токтан шықпайтын интернеттегі «романтиктер» ерекше қуанып жатыр. Енді кез келген адам ойдан «әртіс» жасап, оған музыка, сыртқы бейне, клип қосып, бәрін нейрожелілер арқылы жүзеге асыра алады.
Музыканттар арасында бұл технологиялық серпіліске қатысты ортақ пікір жоқ. Біреулер шығармашылықтың мәні жоғалып бара жатыр деп алаңдаса, енді біреулер технологияны өз пайдасына қолдануға тырысуда. Көбінесе бұл зияткерлік шығармашылық иелерін алгоритмдермен бірге жұмыс істеуге ұмтылуға әкеледі.
Дегенмен, мұндай жобаларда ЖИ-дің ізі байқалады: вокалдағы артефакттар, микстегі «бұлыңғырлық», дыбыстардың бір-біріне араласуы, төл дыбыстардың дұрыс айтылмауы… Қарапайым тыңдаушы оны байқамауы мүмкін, бірақ, кәсіби мамандар бірден ажырата алады.
Құқықтық тұрғыдағы жағдай одан да күрделі. Қазір поп-музыка дамыған АҚШ-тың өзінде ЖИ жасаған музыкалар авторлық құқық объектісі ретінде танылмайды. Егер шығарманың негізгі элементтерін машина жасаған болса, онда ол «адам авторлығы» деп есептелмейді. Промпт жазу авторлық үлес ретінде мойындалмайды. Қазақстанда бұл құқықтық жүйе әлі кешеуілдеп жатқандықтан, екінің бірі – «композитор», екінің бірі – «әнші». Сондықтан ЖИ арқылы жасалған тректердің құқықтық мәртебесі белгісіз күйінде қалып отыр. Мұндай «авторлар» өз туындыларына толық құқық иесі болмауы тиіс деп ойлаймыз. Мәселен, Ресей қаңтар айынан бастап ЖИ арқылы жасалған музыканы әлеужелілерге жүктеуге тыйым салды.
Сайып келгенде, ЖИ-ге сүйеніп музыка жазу – құқықтық тұрғыдан қауіпті. Егер трек танымал болып кетсе, оның авторы ретінде құқықтарыңызды қорғау мүмкіндігінен айрылып қаласыз.
2025 жылдың соңында Suno сервисі ірі лейблдердің қысымымен өз жұмысын өзгертуге мәжбүр болды. Болашақта оның модельдері тек лицензияланған музыкалық каталогтар негізінде оқытылатын болады. Бірақ, бұдан біздің музыканттар әлі хабарсыз. Сондықтан олар топырлатып ән туғызып жатыр. Ал, түбі ЖИ-музыканың болашағы толықтай ірі компаниялардың бақылауына өтуі мүмкін.
Қалай десек те, жасанды интеллект музыкалық индустрияны түбегейлі өзгертіп жатыр. Бірақ, оған толық сенім арту – әрі құқықтық, әрі шығармашылық тұрғыдан үлкен тәуекелдерге итермелейді.
Бекжігіт СЕРДӘЛІ,
Қазақстан Композиторлар одағының мүшесі, мәдениет саласының үздігі.
