Әдебиет

Үміт еткеннің алды жарық…

(А.Елгезектің «Дардай» романы бойынша)

          А.Елгезектің «Дардай» романы – адамдық борышын ел мүддесімен жалғап өмір сүрген  бабалар  жолы мен  бүгінгі шындықты қатар суреттеген метафоралық-философиялық туынды. Роман Рух бостандығын аңсаумен келе жатқан халықты өз  топырағындағы сопылық  ілімге жетелеуімен  құнды.

Үміт  —  көңілдің көктемі. Табиғатпен қатар адам  рухы да ояну кезеңін бастан өткереді. Екі әлем бірі-бірімен  үндесіп тіршілік кешеді. Адамдағы кемелдіктің белгісі Жаратылысты  танудан Жаратушыға жол тарту, пенделік нәпсіні тәрк етіп, рухани еркіндікке бет алу болса, «Дардай» романындағы «Бекет-Дардайдың  жолы» – сопылық ілім насихат еткен ұлы жол. Автордың Үміті – қазақ халқының ата-баба жолымен рухани еркіндікке жалғанып, «әр ұрпақтың  өз Дардайын оятып алатын» халге жетуі. Романның өн бойынан алдағы күннен  жақсылық күткен автордың көңіл аңсарын сеземіз. Романға арқау болған  қоғамдық — саяси, рухани- философиялық, тарихи-әлеуметтік мәселелердің өзгеше стильде жеткізілуі автордың жазушылық  ерекшелігімен қатар  азаматтық  болмысын да танытады. «Үміт —  Жаратқанға деген иманның серігі» деген ойды философиялық пайым ретінде ғана емес, Бекеттің оқиғасы  арқылы әр оқырманның бойындағы  «Ғаламат рухты» оятқысы келген автордың жан сөзі деп ұққан жөн. Жан қуатын сарқа жазылған туындының әрі күрделі, әрі көркем болып шығуы да осы себепке байланысты.

Бекет – «Жолаушы» («Салик»).  Ол  алғашқыда өзінің кемелдікке жалғану жолына бағыт алғанын сезген де жоқ. Қарапайым, өз ісін адал атқарып жүрген құрылысшы жігіттің өміріне  автор бір түнде Өзгеріс енгізеді. Ол Өзгеріс кенеттен болғандай сезілгенімен, Бекеттің осы жолға іштей дайындығы бар  екендігін байқайсың. «Бүгін әйелінің қасына соңғы рет түнейтінін Бекет білген жоқ» деген романның алғашқы сөйлемі арқылы    автор оқырманын  кейіпкердің «ішкі әлеміндегі саяхатқа» дайындайды.   Ол «Жолдың» оңай болмайтынын «жүгіріп өткен көлеңкелер суылынан», қауіптен секем алған кәрі төбеттің ұлығанынан сезесің. «Көлеңке» — романдағы ең маңызды символ-бейненің бірі. Ол әр тұста, әртүрлі кейіпте Бекет кейіпкер түскен сынақтарда  қатар жүреді. «Көлеңке» — жан тазалығына ұмтылған кейіпкердің алдағы сынағынан хабар беретін символ. Жарқыраған Алматы шаһарына Алатаудың желкесінен жалп етіп құлаған «тарғыл көлеңкеде» терең мән бар. Ай солғын тартқан шақта көлеңке күшейеді. Демек, автор суреттеп отырған Табиғат тек көркем кеңістік қызметін ғана емес, үлкен символикалық мәнді де астарлайды. Ол  сопылық ілімде ұлы  құдіреттің тылсым жаратылысы ретінде бағаланады. Табиғатпен сырласу  Адамдық  кемелденудің алғашқы  қадамдарының бірі саналады.

Роман оқиғасының көктем мезгілінде (сәуір айы) өтуі —  рухани ояну ишарасы. Табиғат – кейіпкер кеудесінде ояна бастаған рухтың сыртқы бейнесі. Тұмса сұлулығымен оқырманды таң қалдыратын  Табиғат – Адамды Хақпен байланыстыратын алтын мекен. «Бекеттің сайы» — оқырман куә болатын алғашқы тылсым кеңістік. Алматы қаласының сыртындағы «ертегідей әлем» — азғана уақытта Алып адамға айналған Бекеттің бойын жасырған жер. Ол —  Бекетті «Дардайға» дайындаған киелі мекен. Бір қызығы, «Бекеттің сайын» таныстырғанда автор  баяндаудан эмпатиялық суреттеуге ауысады. Автор оқырманмен сұхбат жасау тәсіліне көшеді. Үшінші жақтан баяндалып отырған оқиға екінші жаққа ауысады. Авторлық субъективизм күшейеді. Ол Табиғатты бақылаушы емес, бағалаушы ретінде көрінеді. Романның ең нәзік детальдерін осы тұстан таба аламыз. Романнан мысал келтіріп көрелік: «…Саймен сәл жоғары өрлеп, тауға қарай жүрсеңіз, жалбыздың мұрын жарар жұпар иісі қарсы алады. Алдыңыздан қойбүлдірген жасыл алақанын жайып, жемісін ұсынып тұрғандай әсер қалдырады…». Автордың өзі айырықша сүйіп тұрған Табиғатқа деген Махаббатын сезбеу мүмкін емес. Автор сұлулықты ақын тілімен  жырлайды. Мұндай сәттер, әсіресе, Зақан молда мен Тақсыр, Бекет пен Ораз атасы қатысатын эпизодтарда ерекше байқалады. Мәселен, «Рақым жаңбыры» бөліміндегі «Айналаны ғажайып жұпар иіс жайлады» деген бастапқы сөйлемнен «Алматыда сезілген ғажайып жұпар енді бар даланы жайлап алды» деген соңғы сөйлемге дейінгі толғаныстардан кейіпкер болмысын ғана емес, автор бейнесін де қатар танимыз.

Жоғарыда  айтылған  көркем детальдерге назар аударайық. Біріншіден, суреттеліп отырған сайға адамның табаны тимеген, екіншіден, ол сайға адам иісі сіңген үй жануарлары да жолай алмайды. Соңғы уақытта Адам  Табиғаттан тым алыстап кетті. Ол өзін Табиғаттың бөлшегі деп емес, иесімін деп бағалайтын болды. Шамасы,  «Табиғаттан  үстеммін» деген ниеті жылт еткен тұстан бастап-ақ адам Жаратушысынан  алыстай берсе керек. Табиғаттың әрбір құбылысы – Хақ болмысынан хабар беруші. Автор Табиғатты үлкен рухани кеңістік ретінде алса, кейіпкердің ішкі әлемін кіші әлемге теңейді.  Екі әлемдегі үндестік әлсіреген кезде  жамандықтың бәсі артып кетеді. Демек, «батыс беткейден жүгіріп өткен көлеңкелер», «сай ішінен есіп өткен қызыл жел», «қабырғаны жорғалай көтерілген ылғал ауа» «Жарық» пен «Нұрға» күрес  ашады. Романдағы «көлеңкелер образы» жаңа бір сынақтың немесе қауіптің хабаршысы ретінде суреттелсе, жақсылық жеңген тұста Күн сәулесі жарқырап шыға келеді.

Бекеттің қуат алатын қайнары – Табиғат. Ол  Алматының табиғатын ерекше жақсы көреді, оның үстіне, жасырынып жатқан сай  оған «ғаламат күш дарытып жатқандай». Бекет Табиғаттың құшағында өзін тың сезінеді.  Құдайдың тылсым Жаратылысынан Бекет өзіне үндестік табады. Сопылықтың алғашқы сынағынан өтеді. Табиғат құшағында жатқанда ойына өмірінің ең шуақты кездері оралады. Көктегі жұлдыздар оны балалық шаққа жетелейді. Кейіпкер мен әке арасындағы диалогті автор лирикалық шегініспен береді, алайда ол оқиға оқырманға тап сол сәтте өтіп жатқандай әсер береді. Өткен шақты осы шақпен бітістіріп жіберуден автордың үлкен шеберлігі байқалады. Романның өн бойында оқырманның эмоционалды- интеллектуалды деңгейін сынайтын психологиялық суреттеулер  баршылық. Біздің ойымызша, ол — романның мазмұндық-көркемдік қуатын арттырып тұрған жетістік.

Сопылық символика мол кездесетін роман  бөлімінің бірі – «Жарық ішіндегі сызат». Бөлімде «Аппақ толқын жарық» пен «ірілі-ұсақты көлеңкелердің», «жалған жарық» пен Ораз ақсақал кейпіндегі «қара пәлекеттің», зікір мен жалған уағыздың, «дымқыл топырақтың иісі» мен «мүңкіген сасық иістің» бейнесі бар. Кеудесіне Нұр еніп, зікір айтып отырған Бекеттің көзі ілініп кеткенде «бақылаушының» пайда бола кеткен сәтін, Ораз ақсақалдың «нұрлы жұмсақ»  кейпіне еніп алып, оның маңайына жалған «шуақ шашуын», Бекетке уағыз айтқан сәттегі көңіл құбылыстары мен әрекеттерін жазушы  шебер суреттейді. Оқырман Бекет тап болған оқиғаның әр сәтін өз басынан кешіргендей халде болады.   Кейіпкердің ішкі әлемінде өтіп жатқан түрлі психологиялық-эмоционалдық құбылыстарға талдау жасап көрейік.

Бөлім  атауындағы «Жарық» — Бекеттің ата жолымен Аллаға Зікір айтуының белгісі. Зікір Бекеттің жанын жайландырып, бойындағы үрейді қашырды. Ол зікір салғанда Табиғат та құлақ тігіп, ұйып қалғандай болды. Кейіпкер  кеудесіне  Нұр толтырып алғандай, жайлы сезімге енді. Осындай ғажайып сәтте  әлдеқайдан «жүгірген көлеңкелер» пайда бола қалып, жапырақтар бүрісіп, жұлдыздар  бұлт тасасына  тығылып үлгереді. Бекеттің Ақтабан күшігі  қыңсылап, беймаза күйге түседі. Ақтабанның сезімталдығы мен Бекетке адалдығы ерекше. Ол қожайынының басында болатын Өзгерісті алғашқылардың бірі болып сезді. Ақтабан романның басынан соңына дейін Бекеттің адал серігіне айналды. Ол Байзар құбыжықтың құрбаны болды. Ақтабан – Бекетті сыртқы әлемнің қаупінен қорғайтын, тіршілік пен тылсым арасын байланыстыратын образ. Табиғаттан ажырамаған оның кез келген әрекетінде  тазалық пен адалдық бар. Бекеттің  Аллаға мойынсұнуы мен Ақтабанның иесіне адалдығында үлкен айырма жоқ. Ақтабан — Бекеттің «Жолаушылық» сапарындағы сенімді серігі. Жазушы Жаратылысты Бүтін қалпында суреттеп, оның әр Бөлшегінің   (Адам, Жан-жануар, Өсімдік. т.б.) арасындағы рухани байланысқа мән береді.

Романда суреттелетін адамды тура жолдан адастырушы Күштің әккілігі таң қалдырады. Шығармадағы мистикалық оқиғаны ақылға сыйымсыз дүние деп емес, керісінше, өмірде одан өткен шынайы оқиға жоқтай қабылдайсың. Бекет  пен Ораз ақсақал бейнесіндегі  Ібілістің диалогінде эмоционалды-психологиялық  детальдер өте шебер қолданылған. Оқырман Шынайы мен Жалғанның арасындағы  шекараның тым нәзіктігін ұғады.  Атасын еске алып отырып, Бекет «жүрегіне сүңгіп кірген аппақ толқынның» қуатымен Аллаға қалай зікір айтқанын байқамай қалады. Көп ұзамай сай іші  мазасыз күйге енеді. Маңайға келген қауіпті алғаш болып Ақтабан сезеді.  Бекет  сырттан келген адамды алғашқыда жатсынады, бойында үрей де бар. Сондықтан жазушы оны салқын суреттейді. «Белгісіз біреу бақылып тұр», «біреудің тынысы естілді», «бұған теріс қарап бір кісі отыр», «бөгде адамның ерні», «ол тіл қатқан жоқ», «ана кісі», «әлгі кісі» секілді  жанама суреттеулер кейіпкермен бірге оқырманның да бойын тітіркендіреді. Сол сәтте «әлгі кісіден» нұр шашырай бастайды.  Ол атасының жұмсақ әжімдерін, шоқша күміс сақалын, сабырлы дауысын таниды. Атасын сағынып, әруағы алдында өзін кінәлі сезініп жүргенде естіген аяулы жанның дауысы Бекеттің  үрейін сейілтіп, үмітін  оятты. Себебі «жалған кейіп», «жалған уағыз», «жалған нұр», «жалған иіс» соншалықты «шынайы» еді. Ораз ақсақал бейнесіндегі қара күштің «уағызы» Бекеттің жанын шындап қозғайды. Кейіпкердің бойында жүріп жатқан өзгерістің қалай құбылып  жатқанын жазушы шебер суреттейді. Азғана уақыт ішінде Бекеттің жан дүниесіндегі қатты  таңданыс  күмілжіске, кектеніс  түнеріске, дәрменсіздік алаулаған тосын сезімге ұласып келіп, іштегі тың қуат «сынып түскендей болады». Демек, қара күштің аярлығы аңғал Бекетті жеңді.  «Кеудесінде жұқа, мөлдір қабырға құлағандай естілді. Алдымен қабырғаның ортасынан ирелеңдеп, жарықшақ жүгіріп өтті де, сырт етіп, сұлай салды» деген үзіндідегі  «жарықшақ» — Бекеттің жанына енген әзәзіл сезімнің көрінісі. Бекеттің басына түскен  сынақ адамзат баласына жат еді деп айта алмаймыз. Ібіліс Бекеттің бойындағы бұғып жатқан нәпсіні қозғайды.  Күн сайынғы тірлікте адам мұндай сынақтың талайын бастан өткереді. Нәпсіні жеңу қандай қиын болса, оған берілу соншалықты ауыр болмайды. Нәпсінің ұлы күш екендігін осыдан аңғарамыз.

Жаратушының назары түскен пендеге сынақтан өту парыз. Оны астарлы мәнде «алтынды отқа салып, қоспасынан ажырату» дейді. Олай болса, Аллға бет бұрған пенденің сынаққа дайын болуы міндетті. Құдайға бастайтын жол сыртқы әлемнен емес,  адамның өз  ішінен  бастау алады.  Сопылық ілімде Ібіліс адамды күнә арқылы жеңе алмайтынын сезсе, оны «жақсылық» немесе «қасиетті бейне» арқылы адастыруға тырысады. Ібілістің Ораз ақсақал бейнесіне енуі — кейіпкердің ең осал тұсын, сенімін пайдалану. Егер «жарық» ішінде «сызат» болса, Ібіліс сол жерден енеді. Ібіліс – «жалған жарық», ол кейіпкерді тура жолдан тайдырғысы келеді. Романдағы бұл сәт- «рухани есею» кезеңі. Ібіліс Бекеттің алыптығын, оның бойындағы қуат адамзатты басқаруға жұмсалу керек деп үгіттейді.  Сопылық ілімде білектің күші емес, жүректің қуаты сыналады. «Пішінге емес, мәнге үңіл» деген ойдың мәні осында.  Бұл — сопылықтағы ең ауыр, бірақ ең қажетті сынақтардың бірі.

Бекеттің «Дардайға» айналу жолындағы қолдаушылары — Тақсыр мен Зақан молда. Екі кейіпкердің болмысында  тылсым сипат мол. Романдағы «Нұр» мен «Жарықтың»  қуаты  осы екі кейіпкерден тарайды. Жазушы сопылық ілімнің сәулелі ұғымдары мен символдарын Тақсыр мен Зақан молда қатысатын эпизодтарда кеңінен  ашады. Жұпар аңқыған ғажайып иіс — Жақсылықтың нышаны. Тақсыр мен Зақан молда — сопылық ілім мен бүгінгі адам арасындағы нәзік жіпті қайта жалғайтын дәнекерлер.  Қасиетті дұға мен  зікірдің қуатымен көктен түскен Нұр Бекеттің ішіндегі қара күшті қуып шығады. Сопылық ілімде «Көлеңке» материалдық әлемнің белгісі деп саналғандықтан, ол Алла Нұрының «Көлеңкесі» деп түсіндіріледі. Біздің ойымызша, «Көлеңке» — «Жарық» пен «Қараңғылықтың» қосындысы. Демек, «алтыннан қоспаны ажыратып алудың» маңызы осында. Сол кезде адам кеудесі Нұрға толып, Даналыққа кенелмек. Бекеттің «Дардайға» айналу жолының хикметін осылай түсінген жөн болар.

Қорыта айтқанда,  «Ғаламат рухтың» оянуы үшін әрбір оқырманның «рухани саяхатқа» шығуы маңызды. Ол жол — бабалардан қалған Сопылық жол. Ол- «Қақпасыз мекенге» жетудегі таза жүректің адал жолы. Ұлы Өзгеріс сырттан емес,  кеудедегі «Дардай» рухтан басталады.

Ұлжан Жолдасова, әдебиеттанушы, педагог-зерттеуші. Қазақ әдебиеті бойынша ғылым магистрі.

Back to top button